02 сәу, 2022 сағат 15:33

Атлах қаласы немесе тас сынығындағы Атлаһ жазуы


Күншығыстан күнбатысқа дейінгі аралықты жаулап алып, ат тұяғының астында шаң қаптырған бабаларымыздың ұлан-байтақ сахарада билік жүргізіп, көптеген қалалар салып, әлем өркениетінің негізін қалағаны тарихи ақиқат. Жай ғана қалаған жоқ, ұлы тарихи мұралардың өшпес ізін қалдырып, ұрпағына мәңгілік мәдени-рухани дүниелер жинағын аманаттады. Олар қазіргі күні қазақ деген ұлы халықтың даңқын асырып отырған өркениеттердің жалғасы болды. Сондай бай құндылықтарымыздың бірі де бірегейі - ортағасырлық қалалар топтамасы деуге болады.

Түркі тарихында әлі күнге дейін орналасқан жері мен тарихи нақтылық шешімін таппай келе жатқан ортағасырлық қала бар, ол - жазба деректерде аталатын Атлаһ қаласы. Бұл қаланың біздің сонау 2000 жылдық тарихымызда алатын орны ерекше. Өйткені, осы қаланың маңында 751 жылы әлемдік ұлы державалар – Қытай империясы - Арап халифаты - Түркі қағанаттары болып үш жақты соғысқан елдердің Ұлы шайқасы өтті. Бұл жай ғана соғыс болған жоқ, осы шайқастан соң Қытайдың түркілерді жаулау мен бағындыру окупанциясына мәңгілік нүкте қойылды. Соғыстан қалжыраған араптар үшін де бұл қақтығыс оңайға соқпады. Есесіне, түркі халықтарының өз тәуелсіздігі мен өз дербестігінің сақталып қалуына жол ашты. Міне, сол үшін де Атлаһ қаласының түркі тарихында алар өзіндік бағасы да парқы да құнды.

Еліміз егемендігін алған жылдардан бастап, өзіміздің көнелік тарихымызды жаңаша зерттеп, жазуға жол ашылды. Көптеген халықаралық, республикалық конференциялар өтті. Солардың бірі, 2021 жылы Тараз қаласында әлемдік жеті ұлы шайқастардың қатарынан орын алатын Атлах шайқасының 1270 жылдығына және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақ даласына Исламның келуі» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференциясы өткен еді. Биыл, Ұлы «Атлах-Талас» шайқасына 1271 жыл толып отыр. Бұл шайқастың бүкіл түркі жұртына ғана емес әлем тарихында алатын орны, тарихи маңызы орасан зор. Сонымен, Атлах қаласының орналасу орны қай жерде, оның тарихтағы алатын орны, маңызы қандай?

Атлах қаласы Тараз қаласының он екі серіктес қалаларының бірі. Атлах қаласының орны ретінде  қазіргі кезде бірнеше қала орындары баламаланып келеді. Олардың бірі ретінде Тараз қаласының оңтүстігіндегі Бесағаш ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 2,5 шақырым жерде деген болжам жасалып отыр. Бесағаш ауылының шетінде ІХ-ХІІ ғасырмен мерзімделген Ортағасырлық Бесағаш қалашығы 1895 жылы И. В. Аничков тауып есепке алып, зерттеген. Бұл туралы мәлімет «Археологическая карта Казахстана» «Издательство Академии наук Казахской ССР «Алма-Ата» 1961 г.» ескерткіштер жинағында №3864-ші тізімде көрсетілген. Ал Қырғыз мемлекетінің ғалымдары, сондай-ақ, археолог ғалым А.Н.Бернштам, кейін академик К.М.Байпақов сынды археологтар қала орнын қазіргі Қырғызстан Республикасында шекараға жақын орналасқан Майское (бұрынғы Богословское селосы) ауылының солтүстік шетіндегі Жуантөбе қалашығы деп тұжырымдауда. Оның бір дәлелі 1987 жылы белгілі академик  К.М. Байпаков басқарған экспедициясы тапқан тас сынығындағы руникалық жазу болды. Ондағы мәтіндік зерттеулерді белгілі түркітанушылар С.Г.Кляшторный мен А.С.Аманжолов жасаған болатын. Жуантөбе қалашығы, Қырғызстан республикасы Майское ауылы мен Кенеш ауылдарының солтүстік шетінде орналасқан, үсті қазіргі заман зираттары салынып кеткен үлкен қала орнын орыс тарихшысы археолог ғалым А. Н. Бернштам өзi ашқан археологиялық айғақтарға сүйене отырып: өзінің «Памятники старины Таласской долины» «Казахское объединенное государственное издательство Алма-Ата – 1941 г. - деген көлемді  еңбегінің 43-бетінде  «Предшествующие им в описании Атлах и Хамукет, вероятно, также находились к югу от Тараза, между ним и упомянутым ущельем. Думаю, что им соответствуют развалины около с. Богословское, возможно Уч Курган и Джуван Тепе (вероятно Атлах) около с. Солдатское» делінген. «Атлах қаласының орны Жуантөбеде, оның үйiндiсiнiң айналасы 280/140 метр аумақты алып жатыр» деп ой тұжырымдап кеткен. 

Айта кетерлігі, бұрынғы Кеңес дәуірі кезінде есепте тұрған  археологиялық ескерткіш қала орны, әлі де Қырғыз мемлекетінің мемлекеттік есепке алу тізіміне енбеген. Себебі, ол кезде Жуантөбе (Атлах) қалашығы Жамбыл облыстық  атқару комитетінің 1980  жылғы  24 қаңтардағы  №406  шешімі бойынша Қазақ ССР-інің құрамында болған. 

Енді Қазақстандағы аталған қалашық орны мен Қырғызстандағы қалашық орнының арасы бар болғаны 1 шақырым. Мұндағы көптеген тарихшы, археологтардың келтірген дәлелдері нақты емес, тұжырым ғана болып қалды. Ол дегеніміз әлі үлкен ғылыми –зерттеуді талап ететін археологиялық жұмыстар жүргізілуі қажет. Сонымен, Атлах туралы ортағасырлық жазба деректерде, араб тарихшысы Әль-Макдиси «Атлах үлкен қала, көлемi жағынан орталық қалаға жақын, айналасы биiк дуалмен қоршалған. Бау-бақшасы көп, жүзiм мол өседi. Мешiтi орталығында, базары – рабатта (қала шетiнде) болған» - деп жазады. Әль-Макдиси мен Ибн-Хаукал Атлахты Испиджаб маңындағы қала деп те атап өткен. Махмұт Қашқари болса «Атлұқ-Отлұқ Талас (Тираз) маңындағы бiр қаланың аты» деп қысқаша ғана нақтылай түседi. Белгілі түрктанушы Кляшторный С.Г. өзінің «История Центральной Азии и памятники рунического письма» Рунические памятники Таласа: Проблемы датировки и топографии» Филологический факультет Санкт-Петербургского государственного университета. Санкт-Петербург 2003 г. - деген еңбегінің 289-290 беттерінде «1987 жылы К. М. Байпақов маған жоғарғы жазықтықта руникалық жазуы бар тас диірменнің фрагментінің суретін берді. Бұл сынық Ежелгі Тараз қалашығынан батысқа қарай 15 шақырым жерде, Талас өзенінің жағасында орналасқан Жуантөбе қалашығынан табылды. 1930 жылдардың аяғында Жуантөбені А.Н.Бернштам зерттеді, ол бұл қаланы VIII ғасырдың ортасындағы оқиғаларға байланысты алғаш рет араб дереккөздері айтқан ерте ортағасырлық Атлах қаласымен баламалады» - деп жазған.

Бұл жерде бәлкім Тараздан батысқа 15 шақырым жерде деп қателескен болар. Себебі, Бернштам қаланы Солдатское ауылының оңтүстік шетінде орналасқан деп анық шегелеп жазған. Солдатское ауылы, қазіргі Тараз қаласынан оңтүстікте орналасқан Бесағаш ауылы. Белгілі түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Алтай Сәрсенұлы Аманжолов – бұл сөзбен келіспейтінін ондағы сөзді «Аң аулаушылық тұмар» деп тұжырымдайды. Ол өзінің «История и теория древнетюркского письма» Алматы «Мектеп» 2003 г.» деген кітабының 96-шы бетінде: «Охота (на диких зверей) - развлечение, Албау, утешение, забава, развлечение» приведенное с пометой ycmapeлое слово. Архаизм в «Толковом словаре казахского языка». Следовательно, это - охотничий талисман с рунической надписью, возможно, магического характера. Данный предмет по нашему предложению с начала 1986 г. находится в экспозиции Центрального государственного музея Казахстана (г. Алматы). Обычно хорошо осведомленный С. Г. Кляшторный, кажется, не знаком ни с оригиналом надписи, ни с нашей публикацией и предлагает новое, произвольное чтение данной надписи как atlaх «Атлах». При этом знаки для Ь «прочитаны» С. Г. Кляшторным как а, а знак словораздела - как I» деген.

Сонымен Жуантөбе қалашығынан табылған ескі жазу «Атлах» дегенді білдіреді дегеннің өзі дәлелсіз болып табылып, С.Аманжоловтың дәлелімен Атлах емес «Аң аулау» деген жазуы бар тұмар дегенді білдіріп тұр. Сонымен қатар бұл жазуды Алматы қаласындағы мемлекеттік орталық музейге 1986 жылы берілгені туралы да айта өткен. Ендігі кезек бүкіл түркі жұртының ең үлкен тарихи маңызы зор қаланы тауып ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу кезек күттірмейтін борышымыз деп түсініуіміз қажет. 

Төменде Атлаһ қаласынан табылған тастағы таңбалар мен сол тастың суреттері

ДВЕ  ТАЛАССКИЕ РУНИЧЕСКИЕ НАДПИСИ ИЗ ГОРОДИЩА АТЛАХ!

 




Жоғарыда таңбалар «Государственный список памятников истории и культуры КазССР 1982 г.» еңбегінен алынды.


Фотосурет atalarmirasi.org/ru сайтынан алынған.

Тараз (Жамбыл) қаласынан 15 км батыста Жуан-төбе калашығынан табылған «Атлаһ» жазуы бар тас (IX-X ғғ). Осы тас құралдың сынық тұсына қарсы жиегiнде 1 жол мәтін қашалған. Мәтіннің тереңдігі - 0,1 см. 6 таңба-әрiптен құралған. Биіктігі – 0,6 -1,5 см. Мәтіннің өлшемі: 11,7 х 5,2 х 4,8 см. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде сақтаулы. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. «Археологическая карта Казахстана» Реестр «Издательство Академии наук Казахской ССР «Алма-Ата» 1961 г.  

2. А.Н. Бернштам «Памятники старины Таласской долины» «Казахское объединенное государственное издательство Алма-Ата – 1941 г.

3. Кляшторный С.Г. «История Центральной Азии и памятники рунического письма» Филологический факультет Санкт-Петербургского государственного университета. Санкт-Петербург 2003 г.

4. Казахский национальный Университет имени аль-Фараби А.С. Аманжолов «История и теория Древнетюркского письма» Алматы «Мектеп» 2003 г.

5. Государственный список памятников истории и культуры КазССР 1982 г.

6. П.Н.Кожомяко «Байыркы маданият эстеликтерин сактайлы» «Кыргызстан» басмасы Фрунзе-1969 г.58-бет

Бахытжан Устаев

Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді 

қорғау дирекциясының ғылыми қызметкері