26 нау, 2025 сағат 13:18

Құмай, Һомай, Хумаюн — жас этнографтарға тақырып

Фото: Repost.uz

Тарихшы, этнолог, профессор Жамбыл Артықбаев соңғы күндері әлеуметтік желіні жаулап алған башқұрт әні "Homay" әні туралы ой толғады. Әннің орындаушысы - Ay Yola. Профессордың айтуынша, "Құмай" құсы біздің елде де қастерлі саналады, алайда оның шығу тегі түсініксіз қалып отырғанына назар аударды, деп жазады Ult.kz.

Дер кезінде шыққан ән

Жамбыл Артықбаев бұл әннің хит болуы - дер кезінде шығуында дейді. Қазір башқұрттар орыс-украин соғысының өтінде жүріп, рухы басылып қалған.

"Өңделуі, костюмдері, ұлттық музыка аспаптары жап-жақсы, менің ойымша мына ауыр заманда орыстың бұғауында, орыс-украин соғысының өтінде жүрген башқұрттың тәуелсіз рухын көтеретін сияқты. Ән мазмұны башқұрттың «Орал батыр» эпикалық жырына негізделген дейді. Тек әнді айтатын жас қыздың башқұртшасы нашарлау ма деп қалдым, әдетте башқұрттың сөзін түгел түсінуші едім", - дейді ол.


Бұдан кейін ол қазақ тілі мен башқұрт тілінің айырмашылығына тоқталды.

"Екі тілдің айырмашылығы да бар, әсіресе башқұрттың «с» орнына «һ» дыбысын қолдануы сәл қиындатады. Мысалы, сізге дегенді «һезге» дейді, амандасқанда «һаумыһығыз» дейді т.б.  Басқа айырмашылығы шамалы. Бір қызығы осы ерекшелік саха-якут тілінде де бар, мысалы "кісі", саха тілінде "кіһі /киһи" (Жалпы саха тілінде  «ш»-ның  орнына  «с» жүреді, мысалы, шашты «сас», асты  «аш»  дейді т.б)", - деп түсіндірді профессор.


"Құмай" деген кім немесе не?

Осыдан кейін Жамбыл Артықбаев "Құмай" сөзінің шығу тегі туралы сөз қозғады. Айтуынша, қазақтардың "құмайы" мен башқұрт интерпретациясында «Һомай» екі бөлек дүние.

"Башқұрттарда «Һомай» - бақ құсы, анасы Құяш (Күн), атасы Самырау-мыс. «Орал батыр» - көне заманның әфсаналық түсініктерін бойына көп жинаған жыр. Бұл жағынан қалмақтың «Жаңғарына» жақын-ау деймін. Осы жағынан бұл эпикалық жырларды сақ-скиф (скуз) және оған дейінгі кезеңдерді қайта қалпына келтіру үшін дерек есебінде пайдалану керек-ау деп ойладым.
Екіншіден, біздің  қазақта «Құмай» - күннің нұрынан жаратылды деген жоқ сияқты, әлде бар ма екен? Менің бала кезімде Құмайды басқаша түсіндіруші еді.  Әкем: «Итала қаз деген қаз болады, 12 жұмыртқа тауып басады, соның біреуінен Құмай тазы шығады» дейтін.  Мен кейін итала қазды көрдім. Ертістің оң жағасында Маралды аталатын емдік қасиеті ғажап, тұзды көл бар. Маралды көлін жағалай тұщы сулы, асты балшық қақтар кездеседі, маусым соңында суы ыстық болады. Сол қақтардың бірінен соңынан 12 балапанын ерткен итала қазды көрдім. Қаз бен үйректің арасындағы құс, оның нағып Құмайға қатысты ерекше қасиетке ие болғанын және білмедім", - деп жазды профессор.


Үшіншіден, профессордың айтуынша, оңтүстік-шығыс таулы өңірде "Құмай" деп жыртқыш құсты айтады дейді.

"Өз көзіммен тірісін көрген жоқпын, бірақ сақ-скиф/скуз аң бейнелі өнерінде гри/грифон дегенге келеді. Құмай /гриф - менің түсінігімше өз бетімен аңшылық қылмайды, көбінесе өлексе жейді. Оның неге қасиетті құс болып сақ/скиф/скуз  бейнелеу өнеріне кіріп кеткенін түсінбеймін", - деп жазды Жамбыл Артықбаев.


"Құмай" сөзіне ұқсас атақты Бабыр мырза мен оның ұлы Хумаюн да бар. Хумаюн - бақытты, текті, бекзат деген мағынадағы сөз дейді. Алайда оның "Құмайға" қатысы бар ма, ол да зерттеуді талап ететін тақырып, дейді ол.

"Бұл жерде тағы да ариан-тұран мәселесі еске түседі. «Құмай, Һомай, Хумаюн» - парсы тілі деп жүр, бұл қате пікір, оны Наурыз сөзінің этимологиясын түсіндіргенде айтқанмын. Бұл сөздер Иран мен Тұранның іргесі ажырамай тұрған кезде, біздің ортақ тілімізден қалған жұрнақ. Сонымен, жас зерттеушілерге тақырып көп", - дейді этнолог.