15 қараша – Қазақстанның қаржы жүйесіндегі маңызды мерекелердің бірі. Бұл күні еліміздің басты экономикалық нышаны – ұлттық валюта, теңге айналымға енгізілген. 1993 жылдың дәл осы күні Қазақстан өз валютасын шығару арқылы экономикалық тәуелсіздігін нығайтып, дербес қаржы жүйесінің негізін қалады.
Теңгенің тарихы
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Тәуелсіз Қазақстанның алдында аса жауапты міндет тұрды – өз ақшасын енгізу. Бұл шешім елдің экономикалық егемендігін қамтамасыз етудің басты шарты болатын.
1993 жылы қарашаның 15-інде бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен теңге ресми түрде айналымға енді. Алғашқы банкноттар Ұлыбританиядағы Harrison and Sons фабрикасында басылып, елге жеткізілді.
Алғашқы теңгелерде қазақ халқының ұлы тұлғалары – Әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Абылай хан, Абай, Шоқан Уәлиханов бейнеленген. Бұл – теңгенің тек қаржы құралы емес, рухани және тарихи мәні зор символ екенін көрсетті.
Дамуы мен қазіргі келбеті
1995 жылдан бастап теңгені еліміздің өз аумағында шығару ісі жолға қойылды. Қазір Қазақстан теңгені толықтай өз өндірісінде басып шығаратын санаулы елдердің қатарында.Жаңа дизайндағы банкноттар мен монеталар қорғаныс деңгейі жоғары, заманауи стандарттарға сай дайындалады. Теңге бүгінде ұлттық экономиканың тірегі әрі ел мақтанышы.
Теңге – тұрақтылық пен сенім символы
Ұлттық валюта – мемлекеттің қаржылық тәуелсіздігін айқындайтын маңызды белгі. Теңге айналымға енген сәттен бастап елдің қаржы жүйесі қалыптасты, банк секторы дамыды, шетелдік инвестициялар тартылды.Теңге – халық еңбегінің бағасы мен елдің экономикалық қуатын айқындайтын басты құрал. Оның тұрақтылығы – мемлекеттің сенімді дамуының кепілі.
