Фото: E-history.kz
«Жыл басы» – халқымыздың салт-дәстүрі мен құндылықтарын тағы бір жаңғыртып, тарихтың жаңа бетін ашуға шабыттандыратын күн.
«Жыл басы» күнтізбедегі жай ғана күн емес. Бұл – мерекелік қуанышқа бас қосып, тарихымыздың жаңа кезеңінің басталуын мақтанышпен атап өтетін ерекше сәт.
Көрнекті этнограф Жағда Бабалықұлы Наурыз хақында былай дейді:
«Әлемде той, мереке дейтін көп қой. Бірақ Наурыз тойына теңдесетін, Наурыз тойына дәрежесі жететін, Наурыз тойындай абыройлы, Наурыз тойындай тарихы ұзақ мереке жоқ шығар.
Мұның бір кереметі – сенің тойың емес, табиғаттың тойы.
Күн мен түннің теңелген күні тойланатын айтулы мейрам. Бүкіл жәндіктердің ұйқысынан оянып, Табиғат-анамен табысатын тойы.
Наурыз тойын қаншама жылдан бері тойлап келе жатырмыз, бірақ бұған лайықты көңіл бөлмесе болмайды.
Бірде Мәскеудегі Орталық кітапханада болдым. Бір деректерді ақтарып отырып, қолжазба тауып алдым. Өзі ұзақ жыр екен. Жырдың аты – «Наурыз». Бұл Наурыз деп тұрғаны адамның аты екен. Сол азаматты жырға қосыпты. Осы жырда Нұқ Пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтағанда Нұқ Пайғамбар қолындағы жем-шөбін жан-жануарларға, азық-түлігін адамдарға таратып, күн мен түн теңелді деп той жасаған. Үш жүз жылдан кейін осы дәстүрді Наурыз деген азамат жалғастырыпты. Содан бері қазақ халқы Наурыз тойын тойлап келе жатыр дейді.
Іргесін Батухан қалаған Алтын Ордаға қарасты ұлттар мен ұлыстар Наурызды мемлекеттік мереке есебінде атап өтетін болған.
Екіншіден, Наурыз – астрономиялық түсінікте күн мен түннің теңескен шағы. Орхонның көк тасын жастық қылып, көк аспанын көрпе қылған Көк түріктердің әрқайсысы – Галилей, әрқайсысы Коперник емес пе?! Өйткені көшпелі өмірдің әрбір мезеті астрономиямен байланысты".
“Этнографпен әңгіме” кітабынан.