24 қаз, 2017 сағат 06:57

Атамбаевқа базына: төрелер – елдігіміз

Жақында көршілес Қырғызстанның бұрыңғы басшысы Алмазбек Атамбаевтың қазақ халқының бетіне басқан сөздерінің бірі: “Қазақ халқын Шыңғыс хан ұрпақтары билеген” деген сыны еді. Бірақ бұл шынында сынға жататын сөз ба екен? Қазақтың хандары текті болғандығы еш ұят нәрсе емес. Хандардың билігінің институты – қазақ халқының тарихындағы саяси жүйесінің негізі еді. Бұл біздің ел болғанымыздың белгісі.

Ортағасырдағы Еуропа мемлекеттері болсын, Азия елдері болсын – оларды әр түрлі әулеттерден шыққан патшалары, монархтары билеген. Еуропада Габсбургтар, Бурбондар, Валуалар болса, түрікті Османдар, Қырымды Гирейлер басқарса, Қытайда Мин, Цин, Цзинь әулеттері бір-бірін ауыстырса, бізді, қазақты Шыңғыстың ұрпақтары билеген. Мұның еш жамандығы жоқ, керісінше бұл – біздің мақтанышымыз. Шыңғыс хан өзі жаман-жақсы болсын, бүкіл әлем таныған ұлы тарихи тұлға. Дүние жүзінде ресми түрінде өткен мыңжылдықтың нар тұлғасы болып саналған адам. Көшпенді тайпаларын біріктіріп, басын қостырған көшбасшы еді. Дала өркениетінде оның аты Мөде, Аттила (Еділ), Күлтегін аталарымыздың арасында қалды. Шыңғыс ханның әділ билік жүйесі, даналығы сан ғасырлар білімді адамдарын таң қалдырды. Қазақ халқы түгіл, Қытай Шыңғыстың ұрпақтары басқарған мемлекет болып саналауымен мақтан тұтады.

Шыңғыстың немересі Хубилай хан 13 ғасырдың аяғында Қытайдың императоры болып, Юань әулетінің негізін қалаған. Інісі Хулагу болса Иранды басқарып, Ильхан әулетінің негізін қалаушысы еді.

Иран да өз тарихынан қашпайды, ұялмайды. Ал қазақты Шыңғыс хан ұрпақтары ең ұзақ басқарған. Басқа елдер төре тұқымынан бас тартқанда, қазақ халқы төрелерге берік болған. Текті төрелеріміз де елдің ыстығына күйіп, суығына тонып, жау келсе қол бастаған, бейбіт заманда ел басқарған. Қазақтың төрелер басқарғаны – біз Алтын Орданың (нақты айтқанда Жошы ұлысының, Ақ Орданың) саяси дәстүрінің мирасқорларымыз екендігін білдіреді. Тарихта Алтын Орда деген атауымен қалған (бұл терминді негізі тарихшылар сынап жатады, алайда ел арасында кең жайылған атау болған соң “Алтын орда” деп жазып жатырмыз) Дешті-Қыпшақта орналасқан Жошы ұрпақтары басқарған мемлекет заманауи Ресейдің де саяси жүйесінің негіздерінің бірі болды емес пе?Орыс (Мәскеу) патшалығының саяси дәстүрінің түбінде Киевтік Русьтің, Византия және Алтын Орданың саяси дәстүрлері жататыны айдай анық. “Иго” деген сөзінің өзі “игі”, “игілік” деген

сөзінен шыққан емес пе? Қырғыздың Арыс Айнал деген билеушінің өзі кезінде Шыңғыс ханға ақ сұңқар жіберіп, құрметін білдірген ғой. Кейін қырғыздар Моғолстанда тұрып, Моғолстанның таулы аймақтың арыстандары аталып Шағатай ұрпақтарына бағынған емес пе? Алайда, Шағатайлар, Шайбанилер, Аштархан әулеті қазіргі өбек, татар, сібір татар халықтарының ата-бабаларын билеп, екі-үш ғасырдан кейін тарихи сахнасынан кетті. Қазан, Аштархан мен Сібірді Ресей жаулап алып өзінің құрамына қосса, Орта Азиядағы әулеттері қарадан шыққан хан болғандарына ауыстырылды. Яғни, қазақпен қандас көшпенді өзбек өз ағаларынан шыққан Қоңырат, Маңғыт, Мың әулеттері Бұқарда, Бесқалада (Хиуада), Қоқанда әмір, хан болып шықты. Осындай жағдайда тек қазақ басқалардан көп төрелеріне – Жәнібек пен Керей хандарының ұрпақтарына берік болған халық еді.Қырғыздың қолынан қазасын тапқан хан Кенемізге дейін сан ғасыр қазақтың хандары, төреден шыққан билеушілеріміз халқымыздың ажыратылмайтын бөлігі еді, тәуелсіздігіміздің, ұлттық болмысымыздың, елдігіміздің, қазақ болғанымыздың нышаны еді.

Хандарымыз шексіз монархтар емес, дала демократиясының, көшпеді, әскери демократиясының өкілдері еді. Хан төрелерінің арасынан ғана шықса-дағы, ханның тағы әрдайым атасынан баласына мирас болып қалған емес. Билікке баладан даналығы, ерлігі асқан бір туған бауыры, немере-шөбере ағайын, керек болса төре әулетінің мүлдем басқа тармағынан шыққан адам келе алатын еді. Хан болуға жарамайтын ханынан ел көшіп кете алатын еді. Елі тастап кеткен хан хандықсыз қалатын еді. Ханталапай да болатын еді, ханды ант ұрсын деп тағынан қуу да мүмкіншілік болатын еді.

Керек болса қырғыздың өзі де Есім ханымызды мойындап, қазақтарға қосылып Тұрсын ханды шапқан ғой, қазақ-қырғыз бірігіп 1628 жылы Ташкентті алған емес пе? Бұл қазақ-қырғыз қосынды басқарған да Шыңғыстың ұрпағы төре Есім хана емес па еді?

Ал енді қырғыздың манаптарына, қарадан шығып өздерін хан деп санағандарына қарайық. Шоқан Уәлихановтың жазбаларына сүйенсек, манаптардың билігі шексіз еді (айта кетейік, “Манасты” қағазға түсіріп, қырғыздың тарихын, салтын, тұрмысын зерттеген Шоқан да Атамбаев тіл тигізген төренің тұқымы). Манаптар өз елінен яғни қарадан шықса-дағы құтырған ерке шонжарлар еді. Мұны социалисттік Қырғызстанның билеушісі Жүсіп Әбдірахманов та жазды. Мысалы, Үмбетәлі деген манап бір кезде “Үмбетәлі” деп баласын шақырған әйелдің даусын естіді. Байқаса, кішкентай баланың атын Үмбетәлі деп қойған екен. “Жер бетінде екі Үмбетәлі симайды” деп, ашуы қызған манап бейкүнә баланың басын қылышпен шауып тастаған. Қырғыздың дәстүрі бойынша хан соғыс кезінде-ақ сайланған, оны рубасылар – манаптардың арасынан таңдаған. Қарадан шығып хан болып сайланған манаптар елді өз руына-ақ тартқан, өзімшіл, рушыл болып, жеке және өз руының мүддлерін жалпыұлттық мүдделерінен жоғары қойған. Мысалы. Орман хан бүкіл қырғыздың ханы бола тұрып, өзінің Сарыбағыш руының мүдделерін асыра биік тұрғызып, Бұғы деген руын шауып, оны тұздай құртайын деп жүрді. Ақыры өз қырғыздың қолынан қазасын тапты.

Біздің төрелеріміз болса жүзге, руға жатпаған соң бүкіл елді бірдей көрді, тең көрді. Әділетті билік жүргізіп, бір рудың мүддесін басқадан жоғары қойған жоқ.

«Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», - деп айтқан Алаштың көшбасшысы Әлихан Бөкейханов та Шыңғыс ханның, Әз Жәнібектің, төрелердің тікелей ұрпағы. Әттең, заманымыздың Әлихандары, Алаштың туын тіккен Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жақып-Әлімхандары, Райымжандары қайда? Сол төреден шыққан Әлиханға, қазақ Алаш зиялыларына серік болған қырғыздың Ишанғали Арабаев, Әбдікерім Сыдықов, Қасымдар Тыныстановтар емес пе?...Сонда қырғыздың да зиялылары 100 жыл бұрын төреден шыққан Әлиханға бағынғаны сынға жататын сөз бе? Қысқасы, төрелеріміз, хандарымыз – тарихымыз, бабадан қалған шежірелі асыл мирасымыз.

Тарихымызды саясат пен халықаралық қатынаспен араластырмағаны жөн-ақ.

Асқар Дайырбек