Осыдан 15 жылдай бұрын «Кентавр» деген атпен әдебиет, мәдениет және өнер апталық газеті шығып тұрғаны естеріңізде болар. Оның басы-қасында Маралтай, Әмірхан, Ақберендер жүрген. Сол газетке әйгілі композиторлар туралы топтама мақалаларым жарияланып тұрушы еді. Соның бірі – төмендегі жазба. Бүгін венгер (мажар) композиторы Ференц Листтің туған күні екен, осыған орай сазгердің өмір жолы туралы оқи отырайық.
АТАҒЫНА ҮШ ЕЛ ТАЛАСҚАН ҰЛЫ МАЖАР
Өнер иесі суреткерлер қоғамға неге қадірсіз? Тоғышар қауымның талғамының тым төмендігі қашанға дейін жалғаспақ? Осындай ойлар бұдан екі ғасырдай бұрын Ференц Лист тәрізді тұлғалардың түн ұйқысын төрт бөлген екен. Бұл сауалдар бүгінгі заманымызда да өзекті болып отыр ғой. Мұны тарихтың қайталанғыштығы дейміз бе, әлде уақыт тіпті де ештеңені өзгертпеген бе? Әрине, бұл бөлек бір әңгіменің жүгі. Ал Листке келсек, ол өзінің эстетикалық темірқазығына адал болып өтті. «Өнерді эгоистік мақсаттар мен баянсыз даңққа жетудің қолайлы құралы деп қарамау керек, - деп жазады Лист, - оны адамдарды бір-бірімен жақындастырып, біріктіретін күш деп қарау керек. Өз өміріңді таланттың идеалы болуы тиіс артистің биік білімі туралы ұғым-түсінікке сәйкес етіп құру; қоғамдық пікірді өз өміріңнің шарапаттылығымен және парасаттылығымен жаулау; әсемдікке сүйіне білу тәрізді ізгілікке сонша жақын сезім отын әр жүректе тұтатып, сөндірмеуге күш салу, - міне, суреткердің өз алдына қоюы тиіс міндеттері осылар. Бұл қиын, бірақ орындауға болатын нәрсе».
Иә, орындауға болатынын Лист өз өмірімен дәлелдеді. Өзіңіз шығармасын ұнататын сазгердің (ақын-жазушының, суретшінің) өмір жолын да білуге қызығу табиғи нәрсе болса керек. Бір байқағанымыз, ұлы сазгерлердің тағдырында ұқсастықтар аз емес. Кедей отбасында өмірге келу, көбінесе әкелерінің музыкаға баулуы, 5-6 жасынан музыкалық қабілетінің танылуы, жақсы ұстазға жолығу, Вена қаласына келу... осылай жалғастыра беруге болады. Кішкентай Ференц те сондай болды. Ол тіпті вундеркинд атанған. 1811 жылы 22 қазанда венгер жерінде Лист дүниеге келген күні аспаннан құйрықты жұлдыз ағып өткен екен. Жұлдызы жанып туған дегеніміз осы шығар. Бір қызығы, кейін бұл жұлдызды перзентті үш бірдей мемлекет өздеріне меншіктегісі келіп, дауласардай болды. Біреуі – Франция. «Шеккен азабым мен көрген қызығымның куәсі – Францияны өз елім емес деп қалай айтамын» деген Листтің өз сөзі бар. Екіншісі – Германия. Мұнда ол өзінің ең әйгілі шығармаларын жазып, даңққа бөленді. Үшіншісі – Венгрия. Алғашқыда Листті Венгриямен балалық шағының көмескі елестері ғана байланыстырса, есейе келе нағыз Отанына сүйіспеншілігі арта түскен. Әсіресе Венгрия су тасқынына ұшырап, халқы күйзелген кезде қатты уайымдаған. Сол кездегі тарихи жағдайларға байланысты, отбасында неміс тілінде сөйлеп өскен Ференц өзінің тарихи тамырының қайдан шыққанын кеш те болса жақсы түсінгендей.
Он жастағы Ференц венгер жерін артқа тастап, Венаға аттанып бара жатқанда, бір шаруа әйел: «Айтпады демеңдер, ол әлі мұнда хрусталь күймеге мініп оралады!» деген болжам айтады. Ал, арада жылдар өткенде Листтің өнерін тамашалауға мүмкіндік алған бір қарт шаруа қолындағы стақанын көтеріп сазгердің алдына келеді. «Сіздің атыңыз кім екенін бізге мырзамыз айтты; қолыңнан не келетінін өзің көрсеттің; ал шын мәнінде кім екеніңді біз өзіміз ұқтық, венгерлердің ұлы Құдайы қолдасын сені!» деп ризалығын білдіреді.
Өз Отаны Листті тірісінде-ақ ұлттық батырындай құрметтеді, мрамордан мүсінін орнатты, Венгер сеймі сазгердің музыка ойнағанын тыңдау үшін өз жұмысын уақытша тоқтатты деп жазады оның өмір жолының білгірлері. Хрусталь күймемен оралды деген сол емес пе!
Біз Ф. Листтің үш қырына тоқталып көрейік. Біріншісі, ұлы пианист-орындаушылығы. Әріптен бұрын нота жазуды үйренген, сегіз жасынан күй орындау шеберлігімен жұртты таңдандырған Ференц он беске келмей жатып Вена, Прага, Париж, Лондон халқын өзіне қаратты. «Жаңа Моцарт», «Орфей» атанды.
Париждегі Итальян опера театры. Жас Ференц оркестрмен бірге концерт беруде. Ауық-ауық сүйемелдеп қоятын оркестр бір сәт дамылдап, Лист жеке өзі орындайтын бөлігіне көшкен. Сәлден соң оркестр қайтадан қосыла жөнелуі керек еді, музыканттар кібіртіктеп қалды. Сөйтсе, Листтің ғажайып орындау шеберлігіне елтіп, қайда отырғандарын ұмыта жаздаған болса керек.
Лист Еуропаның талай қалаларын аралап, өнер көрсетті. Ресейде де бірнеше рет болды. Орыстың музыка сыншыларының бірі: «Лист пианизмнің жаңа дәуірін ашты. Ол фортепианоның мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеді» деген пікір білдірген. Бірақ, таза орындаушылық Листтің одан да мол шығармашылық қуатын іске асыруына кедергі болуы мүмкін еді. Осыны түсінгеннен бе екен, Лист 1847 жылдан бастап, қалған ғұмырында пианист ретінде концерт қоюдан бойын аулақ салады. Осы жерде оның екінші - сазгерлік қырына келеміз. Лист венгер ұлттық музыка мектебін әлемге танытты. Қайталанбас халықтық қайнарларды еуропалық кәсіби музыка жетістіктерімен байытып, музыкадағы әлемдік романтизмнің жарқын беттерін жазды. Тақырыптық, жанрлық жағынан жаңалық әкелді. Оның «Ғұндар шайқасы» сияқты симфониялық поэмалары, әйгілі «Венгер рапсодиялары», романстары, циклдік пьесалары, «Фауст» және «Данте» симфониялары, т.б. шығармалары өшпес мұраға айналды.
Музыка мамандары басқаша айтуы да мүмкін, ал өз басым қарапайым тыңдаушы ретінде айтарым, егер сіз Лист шығармаларымен танысуға ден қойсаңыз, оның «Венгер рапсодияларынан» бастаңыз дер едім. Маған №2 венгер рапсодиясы ерекше ұнайды.
Лист әдебиетті өте жақсы білген. Байронды, Гетені, Дантені сүйіп оқып, Гюго, Ламартин, Шатобриан, тағы басқалармен жақсы таныс болған. Өзі бірнеше тілде сөйлеген. Сазгердің шығармалары әдебиет пен музыка байланысының айқын үлгісі тәрізді.
Ф. Листтің үшінші қырына келсек, ол – ағартушы ұстаздық. Сазгер өмір бойы өздігінен білім алудан жалықпай, өзгеге де қамқор бола біліпті. Он екі жасында Париж консерваториясына келгенінде, жат елдік болғаны үшін қабылданбай қалғанына Лист қатты қынжылады. Сол кезде өзіне-өзі берген серті бар: «Кімде-кім менен өнер-білім үйренемін деп келсе де, бәрін тегін үйретемін» деген. Содан болар, оның шапағатын талай замандастары көрді. Қай елден, қай жерден, қандай жас талапкердің есіміін естісе де, соған мән беріп, насихаттап, қолдап жүрді. Будапештте алғашқы музыкалық жоғары оқу орнын ашқызды. Үш жүзден астам шәкірттерінің ішінен көптеген өнер қайраткерлері шықты. Листтің орыс музыкасына ерекше көңіл бөлгені, насихаттағаны, «Могучая кучка» аталған топтағы орыс сазгерлерімен достық қарым-қатынаста болғаны белгілі.
Лист музыка тақырыбында кітаптар мен топтама мақалаларды жазып тұрды. Ол өзінің досы Шопен туралы тұңғыш монографияның авторы. «Суреткердің қоғамдағы орны және өмір сүру жағдайлары туралы» деп аталатын жазбаларының бірінде сазгер: «Мен өнердің көз алдымда қандай күйге түскенін: төзуге келмейтін кәсіпке дейін төмендетіліп, таңдаулылар қоғамының көңілін көтеруге қызмет етуге арналып кеткенін көріп, өкіндім әрі жирендім» деп жазады.
Бала кезінде «Кім болғың келеді?» деген сұраққа, Бетховеннің суретін көрсетіп: «Мына адам сияқты боламын» дейтін Ференц Лист Бетховеннің есімін өмір бойы құрметтеп өтті. Бонндағы концерттерінен түскен қаржыны Бетховеннің ескерткішін орнатуға жұмсады. Оның барлық симфонияларын фортепиано тіліне көшіріп шықты. Веймар қаласын мәдени орталыққа айналдыруға ұмтылды. Веймар театрында ірі сазгерлердің 43 операсын қоюға жетекші болды, дирижерлік жасады. 1865 жылдан бастап, Лист Ватикандағы шіркеуде аббат атанды.
Ф.Лист өмірінің соңында құрмет-қошеметтен кенде болмаса да, жалғыздық салқынын сезінді. Графинья Мари д Агумен ажырасқан, Каролина Витгенштейнге қосылудан күдер үзген, үш баласының екеуі дүниеден өтіп, біреуімен арасы алыстап кеткен.
1886 жылы 31 шілдеде, біраз күннен бері ауырған Листтің соңғы айтқан сөзі: «Тристан» болды. Осының алдында досы Вагнерді еске алып, оның «Тристан мен Изольда» қойылымына барған болатын.
Сазгер Байрейтте жерленді. Оны венгер жеріне қайта әкелуге ниет еткендердің арманы орындала қойған жоқ. Листтің қабірінде жоғарыда аталған, оны өзіне меншіктейтін үш елдің белгісі бар азагүлдер үнемі жатады деп жазады көргендер.
Қайырбек Шағыр
«Кентавр» газеті, 8 маусым, 2007 ж.