26 қар, 2021 сағат 14:04

Астраханьда Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған кітап таныстырылды


Ресейдің Астрахань қаласында Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойына орай шығарылған «Түркі әлемінің ұлы композиторы» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл туралы Қазақстанның РФ-дағы Елшілігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақтың көрнекті композиторы, домбырашы, Қазақ КСР-нің халық әртісі Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойына арналған шара Құрманғазы атындағы Астрахань өңірлік мәдениет орталығында өтті. 

Қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде жарық көрген кітапта күйші өмірі туралы бұрын-соңды жарияланбаған бірегей деректер қамтылған. 

Іс-шараны Астраханьдағы ҚР Бас консулдығы Астрахань облысының халықаралық байланыстар агенттігі мен мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Тұсаукесер қонақтары - ғалымдар, этнографтар мен музыканттардан құралған Қазақстан делегациясы, жергілікті мемлекеттік органдар мен қазақ диаспорасының өкілдері және аймақ тұрғындары.

Жиынға қатысушылар Дина Нұрпейісованың домбыра музыкасының дамуына және оны оркестрге бейімдеуіне, сондай-ақ классикалық күй мектебінің қалыптасуына қосқан ерекше үлесін атап өтті. Олардың айтуынша, Астрахань облысы көрнекті композитордың екінші отаны болып саналады. Себебі, ол мұнда 15 жыл өмір сүрген және 1934 жылы Марфино ауылындағы өткен көркемөнерпаздар байқауында бірінші орын алды, бұл күйшінің алғашқы жеңісі болатын.

Мерекелік шараның жалғасы ретінде 26 қарашада Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева Астрахань мәдениет және өнер колледжінде домбырада шеберлік сабағын өткізеді.