30 қаң, 2018 сағат 18:35

Астананың ұмытшақ тұрғыны тұрақтағы көлігін табу үшін полиция шақырды

Полицейлер Астана тұрғынына автотұраққа қойылған көлігін табуға көмектесті, деп хабарлады елордалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. 

Қала тұрғыны Ян Легнавский елордалық полицияның басшысына алғыз сөз жазылған хат жолдады. Көлік жүргізушісі 22 қаңтар күні Сауран көшесіндегі үйдің аумағына көлігін қалай тұраққа қойғанын айтып берді.  

"Шамамен екі сағаттан кейін автотұраққа қайтып келіп, көлігімді таба алмадым" — деп жазды ол.

Ян Легнавский тұтас кварталды бірнеше рет айналып шыққан, аяз 36 градусқа дейін көтеріліп, жағдайды қиындатқан. Көлігін іздеймін деп қатты тоңып қалған. Содан соң ІІД Жедел басқару оррталығының 102 нөміріне қоңырау шалып, полицейлерден көмек сұраған.  

"102 телефонына қоңырау шалдым. Бірнеше минуттан кейін сол жерде патруль машинасын күтіңіз деген хабар келді", — деп жалғастырды астаналық.

Лезде жеткен полицейлер керек мәліметті алып, орталық бейнебақылау пунктіне жіберген. Содан кейін олар көлік тұруы мүмкін аумақты аралауды бастайды.    

"Менің бір таңғалғаным, бес минуттан кейін патрульге орталық бейнебақылау пунктінен көліктің қайда тұрғаны туралы хабарлама келді. Бірнеше минуттың ішінде көлігіме отырдым", — деп жазды Легнавский.

Қала тұрғыны өз хатында Жедел басқару оррталығының қызметкерлері мен көмекке келген патрульдік машинаның экипажына алғыс жариялауды сұраған.