07 мау, 2017 сағат 16:27

Астанада «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы талқыланды

Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған міндеттердің бірі - «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"

Жиын барысында ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева бүгінгі күні 4 негізгі бағыт (әдебиет, театр және кино, классикалық және дәстүрлі музыка, бейнелеу өнері) бойынша заманауи мәдениеттің ең үздік һәм озық туындыларын іріктеу және жүйелеу жұмыстары басталып кеткенін айттты.  

Іріктеу жұмыстары аяқталған соң, үздік шығармалардың қысқа-тізімі жасалатыны анықталды. Онда авторлардың мемлекеттік, қоғамдық және халықаралық сыйлықтардың иегері болуы, халықаралық фестивальдер мен өзге де белгілі конкурстарға қатысқандығы негізге алынады. 

Жұмыс тобының мүшесі, ақын Несіпбек Айтұлы: "Бізге осындай сарапшылар тобын жасақтаған абзал. Таңдау жұмыстарынан кейін іске аударма саласындағы кәсіби мамандарды да тартқан жөн. Өйткені біз авторларымыздың шығармаларын жаңа деңгейге, өзге масштабтарға шығаруымыз керек қой. Оларды күллі әлемге таныстыруымыз тиіс, тиісінше, сол арқылы біз әдебиетіміз мен мәдениетімізді насихаттаймыз", - деп, бастаманың қажеттілігі мен маңыздылығын тілге тиек етті.

Өз кезегінде, Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік шекті аспаптар квартетінің көркемдік жетекшісі Ернар Мынтаевтың айтуынша, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы талантты авторлар мен композиторлардың, олардың шығармаларының шет мемлекеттерде танылып, әйгілі болуына жол ашпақ.

Айта кетейік, туындыларды іріктеу 3 кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Туындыларға тиісті сараптама мен іріктеу жүргізілген соң, жұмыстардың тізімі жұмыс тобының жалпы отырысында талқыланып, Ұлттық комиссияның қарауына, бекітуіне жіберіледі.