Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 27-28 ақпан күндері көрермен назарына әзербайжан ақыны, ойшыл Гәнжауи Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасының премьерасын ұсынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Елорда Инфо"-ға сілтеме жасап.
Спектакльдің режиссері - Тәжікстаннан арнайы шақыртылған танымал драматург, режиссер, театр және кино актері - Барзу Абдраззаков. Оның сахналық қойылымдары халықаралық театр фестивалдерінде талай мәрте биік тұғырдан көрінген. Спектакльдің қоюшы суретшісі - Қанат Мақсұтов.
Шығыста аса танымал болған Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны арабтың узра тайпасының аңыздарының негізінде туған ұлы махаббат тақырыбын жырлайды.
«Кейбір ғалымдар «Ләйлі - Мәжнүн» жырын сопылық поэзия үлгісінде жазылған, символдық мәні терең жыр деп таниды. «Мәжнүн» сөзі «есінен адасу» деген мағына береді», - дейді зерттеушілер.
Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» атты әлемге әйгілі поэмасының негізінде алғаш рет Қаллеки театрында сахналанатын спектакльде бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген театр әртістері - Дәруіш рөлінде - Е.Нұрымбет, Ләйлі - И.Әбенова, А.Серкебаева, Мәжнүн - О.Жақыпбек, ибн-Салам - Ж.Оспанов, Мәжнүннің әкесі ҚР еңбек сіңірген артисі Қ.Қыстықбаев, Мәжнүннің анасы - ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты А.Нөгербек, Ләйлінің анасы - Б.Мақсұтова, З.Қарина, Ләйлінің әкесі - М.Қайсанов, сондай-ақ, спектакльде Н.Есен, А.Жетпісбаева, Е.Айтмұқашев, Е.Жанпейісов сияқты жас әртістер ойнайды.