Астанадағы Kinopark 8 Imax Saryarka кинотеатрында ертең, яғни 12 ақпан күні («Сарыарқа» СО) Канн кинофестивалі мен «Ника» сыйлығының лауреаты Сергей Дворцевойдың «Айка» көркем фильмінің тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетсек, фильм Қазақстан Республикасы атынан американдық киноакадемиясының «Оскар» сыйлығына ұсынылған болатын.
Фильмде басты рөлді Халықаралық Канн-2018 кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі үшін» жүлдесіне ие болған қазақстандық актриса Самал Еслямова сомдайды. Фильм сағат 18.30 уақытында көрсетіледі.
Самал Еслямованың осы туындының арқасында Канн фестивалінің жеңімпазы атанғаны белгілі. Актрисаның айтуынша, фильмнің ең соңғы эпизоды оны қатты тебіренткен.
«Мен - қазақ қызымын. Өзім де ашық-шашық киноларды жақтырмаймын. Себебі біздің бойымызда ар-ұят деген сезім бар. Енді, кинода кейіпкердің образын шынайы ойнағанда керек кадрлар болады. Оны да түсіну керек. Дегенмен, шектен шықпау қажет. Әртіс осыны жақсы түсінуі керек деп ойлаймын. Бұл фильмде ондай кадрлар жоқ. Сондықтан «Айка» үшін ұялмайсыздар», - деген еді былтыр Самал Еслямова журналистерге берген сұxбатында.