30 там, 2021 сағат 19:26

Ассамблея әр өңірде Конституция күнін атап өтіп жатыр



Биыл Қазақстан Конституциясына 26 жыл. 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда еліміздің негізгі құжаты Ата Заң қабылданған болатын. Осыған орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы әр өңірде Конституция күнін атап өтіп жатыр, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Конституция күніне арналған шаралардың басы Алматы қаласындағы Достықт үйінде Конституция - Қазақстан халқының бірлігі мен рухани келісімінің негізі» тақырыбында республикалық дөңгелек үстелмен бастау алды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар егеменді Қазақстанның құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуындағы, қоғамдық келісім мен бірліктің қазақстандық моделін дамытудағы Конституцияның тарихи рөлін талқылады. Баяндамашылар Конституция демократиялық саяси жүйесі, ашық нарықтық экономикасы, бейбіт саясаты бар қазіргі Қазақстанның құрылысына негіз болғанын, бұл елдің әлемдегі беделінің өсуіне ықпал еткенін атап өтті.

«Қазақстан Тәуелсіздік алғалы түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жинап, тату-тәтті өмір сүруге мүмкіндік берді. Осыдан 30 жыл бұрын Тәуелсіздік алсақ, 26 жыл бұрын Ата заңымызды бекіттік. Заң көпұлтты Қазақстан үшін өте маңызды. Осы орайда барша қазақстандықтар мен ассамблеялықтарды Конституция күнімен құттықтағым келеді. Осы заңның арқасында бәріміз ынтымақ-бірлігі жарасқан үйде өмір сүріп келеміз», - деді тіл жанашыры Асылы Осман.

Асылы Османның айтуынша, Қазақстанның этностарының өкілдері мемлекеттік тілді үйренудің маңыздылығын түсінеді, жылдан жылға қазақ тілінде сөйлейтін жас ұрпақтың саны артып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы да осы бағытта жұмыс жасап, мемлекеттік тілді үйренуге арналған түрлі жобаларды жүзеге асыруда.

Аталған іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, ҚХА қоғамдық құрылымдарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, этномәдени бірлестіктер жастары, ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ал Қарағанды қаласында ерекше акция өтті. Атап айтқанда, ҚХА еріктілері қала тұрғындарына мереке қарсаңында құттықтау хаттар мен магнит жапсырмалары тарту етті. Аталған акция коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.

«Жұмысқа асығып бара жатқан, ой жетегінде жүрген қарағандылықтарға  біздің акциямыз ерекше әсер етті. Көшеде сый тарқатып тұрғанымызда сыйлықты алған әрбір адамның жадырап сала бергенін көрдік. Конституция күні әрбір қазақстандық үшін маңызды деп білеміз. Біздің әрқайсымыздың құқығымызды қорғайтын заң қашанда маңызды. Осындай Ата Заңы берік, ынтымағы жарасқан Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүретінімді мақтан етемін», - деді қарағандылық ерікті.

Сонымен бірге, Талдықорған қаласында «Ата заңым – айбыным!» атты жыл сайынғы дәстүрлі дөңгелек үстел өтті. «Алматы облысының ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелге Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Аналар кеңесінің мүшелері, кәсіби медиаторлар, әскери қызметкерлер қатысты.

«Конституция күні еліміздегі ең елеулі мерекелердің бірі. Ата Заңымыз әрбір қазақстандық үшін қызмет етіп келе жатқанына міне 26 жыл толып отыр. Ал Алматы облысы түрлі этнос өкілдері көп өмір сүретін аймақтардың бірі. Бүгінгі дөңгелек үстелге қатысушыларды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Осы отырған әрқайсымыз Ата Заңымызды құрметтеуге, оған бағынуға, балаларымызға бұл Заң мен осы күннің маңыздылығын түсіндіріп тәрбиелеуге міндеттіміз. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған шараның да негізгі мақсаты осы болатын», - деді «Алматы облысының ішкі саясат басқармасы» мекемесінің ұйымдастыру жұмысы бөлімінің басшысы Алтын Жамбылқызы.

Сондай-ақ, шарада Конституция мемлекеттік биліктің қайнар көзі халықтың өзі екені, өз Конституциясын қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басқаны туралы айтылды. Іс-шара соңында облыстық Ассамблея қызметіне белсенді қатысқаны үшін ҚХА жанындағы құрылымдардың бірқатар белсенділері алғыс хаттармен марапатталды.

Осыған ұқсас дөңгелек үстел Көкшетау қаласында да өтті. Мемлекеттік органдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары қатысқан шарада Конституция күнінің маңыздылығы атап өтілді. Шараға арнайы қатысқан  «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Е.Нұғыманов Конституцияның қазақстандықтардың өміріндегі рөлін, оның ережелері мемлекеттің тәуелсіздігіне қол жеткізудің, азаматтық институттарды дамытудың, елдің әлемдік қоғамдастыққа танылуының іргетасына айналғанын атап өтті.

«Баршаңызға белгілі, Конституция елдің негізгі заңы ретінде Қазақстан халқының еркін, оның елді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруға деген ұмтылысын көрсетеді. Оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Сондықтан да қазақстандықтар үшін Ата Заң мен оған арналған ресми күн әрқашан маңызды», - деді ол.

Ал еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Конституция күніне арналған онлайн-концерт өтті. Конституция мәртебесін арттыру, елдің бірлігі мен ынтымағын дәріптеу, жасөспірімдерді отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған бұл шараны барлық қазақстандықтар онлайн тамашалай алды. Аталған шарада елорда этномәдени бірлестіктерінің көркемөнерпаздар ұжымы өздерінің бай репертуарлары арқылы көрермендерге төл мәдениеттің құндылықтарына негізделген шығармаларды орындап берді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстан Конституциясына 26 жыл. 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда еліміздің негізгі құжаты Ата Заң қабылданған болатын. Осыған орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы әр өңірде Конституция күнін атап өтіп жатыр.