19 сәу, 2022 сағат 21:02

Әскери ұшақты сүйреген алматылық рекорд орнатты


«Қазақ титан» лақап атымен танымал алматылық Алмат Жұманов 24,5 тонналық әскери ұшақты сүйреп, Қазақстанның рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан рекордтар кітабы тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков Алмат Жұмановтың нәтижесін ресми түрде тіркеп, есепке алып, сертификатын табыс етті. 

«Бүгін Алмат кезекті рекордын жасады. Бұдан бұрын Наурыз мейрамында осы ұшақты 6 метрге тартқан екен. Соны қайталаймын деп, бізді шақырып еді. Бірақ, 6 метрге тарта алмады. Дегенмен, бұл - Қазақстанда алғаш рет болып тұр. Сондықтан, біз оны рекорд деп есептейміз және тіркейміз», - деді ол. 

«Наурыз мерекесі қарсаңында осы ұшақты 6 метрге тартып, жаңа рекорд жасаған болатынмын. Бүгін өкінішке орай, бір метрге ғана тарта алдым. Себебі, бүгін біраз жел соғып тұрды және кішігірім жарақаттарым бар. Сол үшін өзімді қатты қинағым келген жоқ. Жалпы, бұл - менің үшінші рекордым», - деді Алмат Жұманов. 

Алмат Жұмановтың жасы 24-те. Ол бұған дейін де Қазақстан рекордтар кітабына енген. Атап айтқанда, 109 тонналық пойыз вагонын 8,5 метрге сүйреген. Одан кейін 300 келілік түйені иығына артып, бір-біріне жалғанған үш көлікті беліне арқанмен байлап, бәрін қосып 13 метрге қозғалтады.

Сондай-ақ, ол алдағы уақытта әлемдік деңгейде рекорд жасайтынын айтты. 

«Мамыр айында 300 тонналық пойызды тартқалы жүрмін. Оны орындасам, әлемдік рекорд жасаймын. Себебі, оны әлі ешкім жасаған жоқ. Өзім негізі фитнес тренермін. Жалпы, бұлшық еттерге жаттығу жасаймын. Мақсатым - шетелге Қазақстанда осындай мықты жігіттер бар екенін көрсету. Еліміздің атын шығару», - деді қара күштің иесі. 

Айта кетсек, Қазақстан рекордтар кітабына 2,5 мыңнан астам рекорд енген. 

«Жылына 30-40 рекорд тіркеледі. Бірақ, оның бәрі кітапқа кірмейді. Себебі, жаңа рекорд жасалған соң, біраз уақыттан кейін басқа біреу оны басып озуы мүмкін. Сондықтан, біздің кітапқа тек ең үздік, ең мықты адамдардың есімдері жазылады. Жалпы, әлемдік Гиннесс рекордтар кітабына қазақстандық 20-дан астам адам енген», - деді Бақытжан Тастүлеков.