29 сәу, 2022 сағат 16:38

Сарбаздар әскери теңіз күштері қатарына қызмет етуге іріктелді



Ақ түсті бас киімдегі, көк жейделі сарбаздар. Бұл әскери теңіз күштері қатарына қызмет етуге іріктелініп алынған Астана өңірлік қолбасшылығынан жіберілген жас толым. Саналы түрде Отан қорғауға қадам басқан өрендер үшін салтанатты шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Отан алдындағы борышын атқаруға аттанып бара жатқан сарбаздарға Қарулы күштердің ардагерлері мен басшылық құрамы жылы лебіздерін білдіріп, жарқын естеліктерімен де бөлісті. Патриоттық рухты әндерден шашу шашылып, сарбаздар мен ата-аналарына арнап бағдарлама қойылды. Барлығы 40-қа жуық сарбаз әскери теңіз күштерінің қатарын толықтыратын болады. Олардың ішінде Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің студенті Елдос Таттұғов та бар. Жасы 18-де. Әскерге шақырту қағазы келгеннен кейін еш ойланбастан әскер қатарына баруға бел буған.

«Мен әскерге не үшін барамын деп шештім? Ол әрбір жігіттің өз алдына Отан алдындағы борышы. Сондықтан мен әскерге барамын деп шештім. Ақтауда бұрын-соңды болып көрмегенмін. Әскери саланы толық меңгеріп, болашақта келісімшартпен қалуға тырысамын», – дейді әскерге шақырылушы Елдос Таттұғов.

Баласы атқа қонса, анасы тақымын қысып отырады емес пе? Азаматтардың ата-аналары балаларымен мақтанатыны және уайымдайтынын да жасырмады. Олардың айтуынша, ең бастысы балалары амандықпен оралса болғаны. Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарарына бек сенімді.

«Әрине мен үшін немеремнің әскери теңіз флоты күштеріне енгені мақтаныш. Баламның Отан алдындағы міндетін абыроймен атқаруы да мақтаныш мен үшін. Мен Ерасыл үшін мақтанамын және оған сенемін. Немереммен бірге әскери борышын өтеуге бара жатқан сарбаздарға сәттілік тілеймін», – дейді елордалық Гүлнар Айбакирова.

Сарбаздар бір жыл бойы әскери қызмет барысында Каспий теңізінің Қазақстандық секторында елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Шынығып, жауынгерлік қабілеттерін шыңдап, әскери күймелерде қызмет атқарады.

«Ақтауға келген бойы осы әскери қызметші 40 адам. Жаңалық бөлімшелерге, шабуыл десанттық бөлімшелерге, әскери теңіз күштері жаяу әскерлерінің құрамына және кеме экипаждарына бөлінеді. Алғашқы әскери дайындық өткеннен кейін», – дейді үшінші дәрежелі капитан Ермек Ғазизов.

Әскери қызметке аттанар алдында сарбаздардың бірі ата-анасымен, бірі туған-туыстарымен, енді бірі қыздармен де қоштасып жатты. Бір жыл ішінде әскери өмірдің қыр-сырын көріп, тәжірибе жинап, нағыз ер-азамат болып оралары анық. Сайдың тасындай іріктелген мына әскери теңізшілер ендігі уақытта Отан алдындағы борышын орындау үшін Ақтау гарнизонына аттанатын болады. Оларды алдағы уақытта теңіз жорықтары мен көптеген қызықты сәттер күтіп тұр.

Естеріңізге сала кетейік, Отан алдындағы борышын атқаруға аттанып бара жатқан сарбаздарға Қарулы күштердің ардагерлері мен басшылық құрамы жылы лебіздерін білдіріп, жарқын естеліктерімен де бөлісті. Патриоттық рухты әндерден шашу шашылып, сарбаздар мен ата-аналарына арнап бағдарлама қойылды. Барлығы 40-қа жуық сарбаз әскери теңіз күштерінің қатарын толықтыратын болады.