Авиациялық база толығымен жабдықталу керек, сонда ғана авиатехниктерді даярлау мүмкіндігі артады. Бұл туралы Авиациялық техниктер біліктілігін арттыру сабағында полковник Асқар Ізбасов айтты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Асқар Ізбасов Әскери институт бастығының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Ол өз қызметіне барын салып, білікті мамандар даярлауда талай жылдық тәжірибені арқалап келеді.
«Менің ойымша, инженерлік-техникалық құрамның әрбір маманы өз міндетін тек ауқымды техникалық ой-өрісі, арнайы терең білімі болған жағдайда ғана сәтті орындай алады. Білім алушылар оны дәл осындай оқу бағдарламаларын меңгеру барысында алады», – деді Әскери институт бастығының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Асқар Ізбасов.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында Қазақстан Әуе қорғанысы күштері әскери бөлімдерінің авиациялық техниктерін даярлау бойынша арнайы курс аяқталуда. 35 маманнан астам оқытылып жатыр. Оның ішінде Қарағанды қаласының авиациялық базасы авиациялық жабдық тобының технигі прапорщик Николай Иващенко да бар.
«Жиындарды жоғары деңгейде ұйымдастырудың, оқу материалын берудегі жүйелі тәсілдің, дәрістердің ақпаратқа толы болуының және сауатты диалогтың арқасында біз өзіміздің білім қорын толықтырып, өткен материалды қайталадық. Бұл ретте басқа бөлімдерден келген әріптестермен кәсіби тәжірибе алмасу өте маңызды болды», – деп атап өтті әскери қызметші Николай Иващенко.
Осы орайда айта кетейік, 1991 жылы елімізде офицерлік кадр мамандарын дайындайтын екі әскери оқу орны ғана қалды. Бірі – Кеңес Одағының маршалы И.С.Конев атындағы Алматы әскери жалпыкомандалық училищесі болса, екіншісі Ф.Э.Дзержинский атындағы шекаралық командалық училище еді. 1994 жылы Ақтөбе жоғары әскери авиация училищесінде ұшқыш-техниктерді дайындайтын Әскери әуе күштерінің факультеті ашылды.
Ал әскери авиацияға жүктелетін міндеттерді орындауда инженерлік-авиациялық қызметтің алар орны маңызды. Ол авиациялық техниканы техникалық пайдалануды және жөндеуді, Әуе қорғанысы күштері бөлімдерінің іс-қимылын инженерлік-авиациялық қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Бұл туралы Әскери институт бастығының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары былай дейді:
«Білім саласында жүргенімізге талай жылдың жүзі болды. Сонда көзіміз жеткен бір нәрсе анық: Авиатехниктерді даярлау бірнеше мамандық бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, ұшақтар (тікұшақтар) және авиациялық қозғалтқыштар, авиациялық қару-жарақ, авиациялық және радиоэлектрондық жабдық. Оқу бағдарламасы теориялық және практикалық бөлімдерден тұрады. Осы жолғы курста біз осының бәрін оқытып, үйретуге тырыстық. Ары қарай тәжірибеде қолдану мамандардың өз қолында.
Кезінде еліміздің қорғаныс күшін нығайту үшін әскери оқу орындары да, мамандар да жеткіліксіз болды. Осы кезде зениттік зымыранды, радиотехникалық әскерлер, радиотехникалық қамтамасыз ету бөлімдері, байланыс әскерлері мен автоматты басқару жүйесінің мамандарын дайындайтын төл әскери оқу орнының қажеттігі сезілді. Біз осындай ірі мамандарды даярлауға күш салып жатырмыз», - деді Әскери институт бастығының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Асқар Ізбасов.
Курстық даярлық аяқталғаннан кейін, тыңдаушылардың даярлығы деңгейі бағаланады. Бітірушілер әрбір оқу бағдарламасын меңгеру дәрежесі көрсетілетін сертификаттар алады.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында Қазақстан Әуе қорғанысы күштері әскери бөлімдерінің авиациялық техниктерін даярлау бойынша арнайы курс аяқталуда. 35 маманнан астам оқытылып жатыр. Ал Әскери институт бастығының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Асқар Ізбасов Авиациялық база толығымен жабдықталған жағдайда ғана авиатехниктерді даярлау мүмкіндігі артатынын алға тартты.