Бір кезде қазақ киносы жай ғана қазақ киносы болатын. Соңғы жылдар бедерінде «қазақ киносы» деген анықтама ортақ белгіні бере алмайтыны анық болды. Отандық киноөнімдер бірнеше лагерьге бөлінді. Ол, ең бірінші, көрерменге алдымен жетіп жатқан, көбіне ұсақ студияларда әуесқой режиссерлер түсіретін, кейде «Қазақфильм» қаржыландыратын, коммерциялық не бұқаралық кино. Сәттік көңіл аулауды мақсат қылған олардың көбінің жаңалығы аз, көркемдік құндылығы төмен болатыны түсінікті. Екіншісі – мемлекеттік тапсырыспен, аға буын, не атын қалыптастырып үлгерген орта буын режиссерлер түсіретін, тарихи, идеологиялық кино. Бұл санаттағы фильмдердің негізгі мақсаты – елжандылықты насихаттау, өткеніміздің қандай қиын болғанын, бүгініміздің қандай жарық екенін шегелеу. Үшіншісі – коммерцияның да, идеологияның да қамытына симайтын, суреткерлік ұстанымдарына ғана адал режиссерлер тобы түсіретін авторлық, фестивальдік кино.
Сонымен… өткен жылы түсірілген осы сипаттас фильмдерді мүмкіндігінше шолып шықсақ…
Коммерциялық кино
Біздің кеңістікте өздерін кәсіби режиссер санайтындарға бұл бейәдеп сөз сияқты естіледі. Қазіргі коммерциялық кино, бір кездегі «Жаралы сезім» емес, өзбек ағайындарға түсірткен клиптектес дүниелер де емес, қазақстандық коммерциялық кино – әзірге Голливуд фильмдерінен үйренуге, шаблондар мен штамптарды сіңіруге тырысу процесін бастан кешіп жатқан өзінше бір әлем. Бірақ, ең өкініштісі, біз Голливуд киносынан техникалық қана емес, тақырыптық тұрғыда шаң қауып келеміз.
Той киноның топыры
Жер бетіндегі барлық халықта үйлену ғұрпы бар: адамдар кездеседі, ғашық болады, той жасайды. Бірақ, басқа ешбір елдің кинотеатрын дәл біздікі сияқты тойдың видеосы жауып кетпеген. Соңғы бір жылда кинотеатрларда жиырма жеті қазақ киносы көрсетілді. Оның екеуі әлеуметтік драма, екеуі үрей фильм (ужас), үшеуі тарихи драма, бесеуі боевик, қалған оншақтысы той туралы комедия мен мелодрама. Яғни, сіз қазақ киносын көрем деп барған екі күннің бірінде тойдың үстінен түсесіз: үшеудің үйленуі де болды («Свадьба на троих», А.Бисембин), он алты қызға үйлену де болды («Он алты қыз», Қ.Мұстафин), ауылдан қалаға қашып барып үйленді («Побег из аула», Н.Адамбай), қаладан ауылға қашып барып үйленді («72 сағатта үйлену», Е.Жолдас), алып қашып үйленді («Мезет», А.Әбілов (қосымша линиясында), шымкентше үйленбек болды («Потому что шымкентский», Ш.Орынбаев), отызға толып та («Замуж в тридцать», А.Бисембин), толмай да үйленді («Супер той или замуж по казахски», Ғ.Асылов). Бәрінің кейіпкерлері не тойға дайындалып жатады, не той жасайды, не тойға қонақ болады, әйтеуір нысанада той маңындағы туысқандарымыздың әрекеті.
Сонда қазақта үйленуден басқа проблема жоқ па дейміз ғой. Болмаса қазақты тойдан басқа ештеңе қызықтыра алмай ма?
Сондықтан той тақырыбының сондай деңгейде сұраныста болғаны қоғам үшін комплимент емес. Қазақ мәдениетінде тойдың орны бөлек екені рас. Той десе қу бастың домалайтыны да рас. Бірақ, одан осыншалықты культ жасауға болмайды ғой. Қазір той тойлап жүретін заман емес.
Ауылдан қалаға «қашу» мен қаладан ауылға «қашу»
Әрине, біз аз ұлтпыз, оны да есепке алу керек, бірақ, қазақстандық коммерциялық кино ауылдан қалаға қашу мен қаладан ауылға қашудың ортасында жүргені өкінішті. Жоғарыда аталған және аталмаған бірсыпыра фильмдердің негізгі мотиві – осы, қос әлемнің кереғарлығына құрылады. Ауылдан келген адам қалаға үйренісе алмайды, орысшаға тілі жетпей елге күлкі болады. Қаладан ауылға келген адам қазақша сөйлей алмайды. Ауыл адамы аңғал, марғау, қарапайым, адал. Қалалықтар әбжіл, қу, ерке, өтірікші, бұзақы. Мұның бәрі бізде тұрақталып қалған стереотиптер. Кейде одан да шаршайсың.
Мысалы, «Гламур для дур» – Асқар Ұзабаевтың «Жұлдызды коктейль» мен «Жолдың» арасында әрі-сәрі күйде жүргенін көрсетті. Жылтырақтан әлі де арыла алмайтын оның «партизандық кино» қозғалысына түбегейлі қосыла алмайтыны, бірақ, коммерциялық киноға өзіндік талабы бар екені белгілі болды. Месседж тұрғысында бәрі дұрыс, «Гламур для дур» біздің адамдардың өзгенің өміріне қол салғыш сұғанақтығын, жаппай сауатсыздығын, өзгені табалауға дайын тұратын тұрпайы мінездерін сынайды. Әлеуметтік желідегі негізсіз танымалдылықтың иллюзия екендігі де уақытылы айтылып отыр. Қос кейіпкер арқылы қыз тағдырына көз салу да бар. Бірақ, фильмнің құрылымы арзан анекдоттардың ретсіз ауысуы сияқты әсер береді. Әрі орысша сөйлей алмайтын ауыл адамын әжуа қылу – ешқандай тапқырлық емес. Ақбота Нұр Сейтмағамбет пен Әсел Ақбарованың мінез, болмысындағы қайшылықтар фильмді қызықты етіп тұр.
Қ.Мұстафиннің «Он алты қызы» да ауылдан қалаға келген бейбақ туралы. Бұл туынды Берік Айтжановты тосын амплуада көрсетуімен ғана есте қалды. Ол жасаған бейне ауыл адамдарын аңғал, таза қылып көрсеткенімен, бүгінгі күннің кейіпкерінен гөрі советтік кинодан көшіп келгенге көбірек ұқсайды. Кейіпкерлер бастан өткеретін қызықты оқиғалар калейдоскопының көбі жасанды. Дәл осыны Ж.Момышевтің «Бизнес по казахски» комедиясы туралы да айтуға болады.
Нұртас Адамбай «Келінка Сабинасының» жалғасын ұсынды. Қаладан ауылға келіп өз тәртібін орнатқан тапқыр келіннің образы ұнамды болғанымен, карикатуралық мәнерде шешілген басқа кейіпкерлер (ене, ата, күйеу) керісінше әсер етеді. «Келінка екінің» негізгі кемшілігі, бұл бірінші фильмдегі әзілдерді, ситуацияларды қайталау ғана болып шықты. Және түптеп келгенде, мұныңыз әлі кино емес, скетчтердің жиынтығы ғана. Нұртас кәсіби телевизияшы болғанымен, кәсіби киногер емес екенін байқатып қойды. Бірақ, бұл фильмдердің шытырлатып касса жинайтын себебі, сұранысқа сай болып тұр. Бізде кино эстетикалық бірлік ретінде ешкімді қызықтырмайды. Мақсат кино көру емес. Мақсат – көңіл көтеру.
Қылмыстық жанр
Жылдың екінші жартысында Н.Адамбай тағы бір тосындау жанрда фильм ұсынды. «Тараз» қылмыстық драмасының тақырыбы, мазмұны ескі, тоқсаныншы жылдары, қазір санасақ, отыз жыл бұрын түсірілуі керек «туынды» еді. Оның үстіне науқас ана, жетім бала, жетім шал, күшпен күйеуге берілген қыз — бақытсыз кейіпкерлердің букетін жинапты. Сормаңдайдың біреуі де бір киноға жетер еді, ал, мұндағы тотальді дағдарыста кейіпкерлердің ешқайсысы толық ашылмай, бәрі эскиз күйінде қалған. Сюжеттік жүрістер сенімсіз. Мұның бәрі режиссердің тәжірибесіздігінен болса керек, өйткені, схема бар да, қисын жоқ. Экранда драма болып жатса, зал жырқ- жырқ күледі. Шыны керек, мұнда Е.Дайыровтың ойынынан басқа көз тоқтататын ештеңе жоқ.
Нұртас Адамбайдың «Таразының» ізін ала тағы бір қылмыстық драма, А.Сатаевтың «Районы» фильмін ерекше ықыласпен қарайсың. Көзің анық жетеді: бәрін де кәсібилік шешеді екен. Ең бастысы нені түсіру емес, қалай түсіру. Мәселе тіпті жанрда емес, стилистика мен қолтаңбада. Сценарист Т.Жақсылықовқа тән көше слэнгінің табиғилығы, «жігіттік» юморы тартымды. Режиссер Ақан Сатаевқа тән мәдениет пен жаңа актерлерді ашу қабілеті ұнамды. Сатаевтың тұрақты операторы Хасан Қыдырәлиев камерасының қисыны да түсінікті. Үш жыл қатарынан «Оскар» алған Эмануэль Любецкидің триумфынан кейін «Районы» фильмінде үзбей түсіретін операторлық жұмысты көргенде еш таң қалғанымыз жоқ. Жалпылай алғанда Сатаев тағы да дәлелдеді: сексенінші жылдың өзін көзің тоятындай етіп түсіргенде «тақырып ескірді» деп шала бүлінбейсің. Мойындау керек, әдебиетте де, кинода да ауыл, не ауылдан шыққан қазақтың тұрмыс-тіршілігі басты тақырып болады да тұрады. Қалада туып, қалада өскен адам көп зерттелмеді. Осы тұрғыдан қазақтың қаласындағы өмірдің нышандарын О.Сүлейменовтің поэмасына негізделген «Балконнан» көретін едік. А.Сатаев туындысы ондай терең оқиға болмаса да, сексенінші жылдардағы Алматының иісін береді.
Халықаралық жобалар
Қазақстан нарығы тым кішкентай, сондықтан, шұлық тігуші мен кино түсірушіге дейін кез келген өндірушінің өз шекарамыздан шықпай табыс табуы екіталай. Киноны бизнес деп қараған адам құрығанда көрші елдердің кинотеатрларына таралуды ойлауы керек. Жыл соңында сондай ұмтылыстың алғашқы нысандары, жеке студияларда түсіріліп, халықаралық прокатын жариялаған қос туынды болды. Олар Г.Нұртастың «Тоқалы» мен А.Сатаевтың «Хакері». Әрине, ниет жақсы. Бірақ, түсірген өнімдері де сол ниет деңгейінде болса еді. «Тоқал» фильміне келейік. «Алғашқы әсеріңізді айтыңыз» дегенде көрерменнің бәрі «бұл қазір маңызды тақырып, өмірде болып жатқан оқиға» дейді. Сосын жеке туынды жайлы емес, тоқал алушылық туралы айтып кетеді. Өйткені фильмнің жалғыз жеңісі – актуальді тақырыпты көтеруі. Бірақ, кейіпкерін зерттеу жоқ, «еркектің бәрі бірдей» деген құрғақ айыптау ғана аңғарылады. Олар неге тоқалды болуға құмар? Мүмкін моногамия адам табиғатына жат шығар? Неге жас қыз біреудің көңілдесі болуға келіседі? Сіз қоясыз сұрақты. Сценаристер сұрақ қоймайды. Тіпті мұны сценарий деп атау қиянат, бір қайнауы ішіндегі, аса қисынды емес оқиғалар тізбегі ғана. Телеарналарымызда қаптаған отбасылық деректі драмалардың бірі сияқты. Ең қызығы, Гауһар Нұртас алдымен «полигамия–норма» деп санайтын қазақ еркегінің танымын көрсетеді (әке, бала, күйеу бала), бірақ, фильмнің соңына қарай кейіпкерлеріне өзінің әйелдік пікірін күштеп таңғысы келеді. Бұл зорлық, еш ізденіссіз айыптау көзге анық ұрып тұрады, сондықтан да қабылдай алмайсыз. «Тоқалды» Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия, т.б. бірнеше елде көрсетеміз деген жоспарлар айтылды (көрсетілген де шығар). Касса жинауына шын көңілден тілектеспіз (шынын айтқанда, касса жинайтын потенциалы төмен). Бірақ, көркемдік құндылығы күмәнді «Тоқал» – Г.Нұртастың киногер ретіндегі репутациясына қаншалықты жағымды әсер ететіні сұрақ белгі.
Пікір тудырмайтын фильмдер болады. Жақсы емес. Жаман да емес. Мақтау да қиын. Даттау да қиын. Ақан Сатаевтың тұңғыш халықаралық жобасы, «Хакер» дәл сондай туынды. Бұл Голливудқа шыққысы келетін режиссердің Голливудтық стандарттарға сай түсірілген, сюжеті қызықты ғана туындысы. Бірақ, ол шетелде абырой жинайтынына сену қиын. Өйткені, Голливудтың көп киносының көшірмесі ғана, суреткерлікті айтпағанда (Иньяритту деңгейіндегі), өзіндік (тіпті Бекмамбетов деңгейіндегі) үлес, қолтаңба жоқ. Ал, Голливудқа өзінің бет-әлпеті жоқ режиссерлер қызық емес.
Идеологиялық кино
Кино бизнеске айналды. Әрі кино түсіру – жұлдыз болудың, жалтырақтың арасында жүрудің бір жолы. Сондықтан дәл қазір телевизиядан, КВН-нан, клиптен, тойдан ағылып жатқан режиссерлер легін ештеңемен тоқтата алмайсыз. Жанрлық киноны жоғары деңгейде түсіретін Сатаевтар мен Бисембиндер көбейіп, экранды түбегейлі тартып алмаса. Соның өзінде «өз ақшама кино түсірем, қыбын тауып кинотеатрдан көрсетем» деген адамның қолын байлап қоя алмайсыз. Сондықтан коммерциялық киноның бізге керектігін ешкім талқыламайды.
Бірақ, мемлекеттің ақшасына түсірілетін идеологиялық киноның қажеттігі туралы көп тартыс бар. Біздіңше, бұл тартыс аталған фильмдердің сапасына байланысты туады. Мойындау керек, мемлекет болған жерде идеология болады, одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Мемлекеттің ақшасына түсірілген кино көрерменді елдік, ұлттық мақсаттарға жұмылдыруы тиіс. Әйтеуір, бізде солай түсініледі. Ал, ондай фильмдер халықтың көңілінен шығатын деңгейде түсіріліп жатса, ешкім де қыңқ демес еді.
Идеологиялық кинодан көркемдік жаңалықтар күтпейтініміз анық. Бірақ, ол өте нашар деңгейде жасалуы керек деген сөз емес. Штамптар мен шаблондар шегінде де көрерменге ой түйінін тастай алатын туындылар болады. Әрине, көрермен идеологиялық киноны жақсы көруге міндетті емес. Бірақ, киногерлердің міндеті оны жақсы көретіндей етіп түсіру ғой.
Осы биікке екінің бірі жетпей жататыны өкінішті. Мысалы, аттай қалап Ресейден Сергей Снежкинді алдырып түсірілген «Так сложились звезды» осыған дейінгі «Көшбасшы жолынан» асып түскен жоқ. Сонда да әйтеуір шапан жауып, медаль тағып, еліне қайтардық. Есесіне Елбасы туралы үш фильм түсірген Рүстем Әбдірәшев тарихи тақырыпқа бас қойып, қазақы рухани ортаның ерекше ықыласпен күткен жобасы «Алмас қылыштың» кинонұсқасын көрсетті.
«Алмас қылыш»
Туынды Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлінуі мен жеке хандық құру кезеңін қамтиды. Тақырыптың маңыздылығында күмән жоқ. Бірақ, о бастан толық метражды фильмге арналып жазылмағандықтан, драматургиясында бүтіндік жоқ. Сценарий авторлары (С.Елубай, Т.Жақсылықов, Р.Әбдірәшев) ал-ғашқы, сарай маңы эпизодтарында интрига тудыруға тырысқанымен, одан әрі фильм сол шиеленісті ұстап тұра алмады. Сериалға түсірілген үзік-жұлық материалды бір жүлгеге өру үшін кадр сыртындағы дауыстың, баяндаушының қажеттігі түсінікті. Бірақ, «Қайран, аңғал қазағым» деп күңіренген Асан аз болғандай, кадр сыртындағы екінші дауысты қосарлау не үшін керек болды? «Таза мінсіз асыл сөзден» бастап, Асан Қайғының бірталай өлеңін созбалатып оқу дәл осы фильмге неге керек болды? Түсініксіз. Мұның бәрі фильмді көркем туындыдан гөрі деректі шығармаға ұқсатып тұр. Кадр сыртындағы мәтінде де, актерлердің диалогтарында да артық сөз көп.
Кинодастанның негізгі идеясы ешкімге бағынғысы келмеген, «әркімнің қолында қылыш боп ойнаған» батыр қазақтың рухын көрсету еді. Туындының өн бойында бірнеше шайқас сахнасы бар делік. Бірақ, ылғи да қазақтар қоршауда қала береді. Соның бірінде ғана табан астында арбалардан қорған құрып, құндақтаулы сәбиімен садақ кезенген аналар, шауып бара жатқан атқа теріс отыратын мергендер, ойраттың қылышын қақ жаратын алмас қылыштар, жалпы қазақтың мобильді соғысып, шабуылға тойтарыс беру өнері орынды көрсетілген.
Техникалық тұрғыда, бұл бір компьютерлік графика ойлап табылмаған ықылымда түсірілген кино сияқты. Оншақты ойрат оншақты қазақпен соғысады да, кері қашады. Хандықтың негізін қалаймын деп көшіп жатқан жұрт та әрі кетсе жүзшақты адам. Масштаб жоқ. Жұпыны. Түмен-түмен адам жалдап, оларға көне киім тігіп беру қолдан келмейді, түсінікті. Бірақ, «Трояны», не «Батыл жүректі» қарасаңызшы, бес адамды бес жүз мың әскер қып көбейтеді ғой. Біздің графистердің қолдан келері ойға симайтын түстерге бояу ғана. Көрермен соны байқамайды деп ойлай ма?
Сосын фильмнің түсірілу эстетикасында бірізділік жоқ. Алғашқы ұрыс сахнасында кесілген аяқ, шабылған қол, шашыраған қан сияқты натуралистік көріністер басым. Одан кейін бірнеше шайқасты көрдік. Мүлде басқа мәнерде. Неге? Режиссер о бастан «бір жағына шығып», қалай түсіргісі келетінін анықтауы керек еді ғой.
Кейіпкерсіз қаһармандық
«28 панфиловшы» – ресейлік мамандардың, «Қазақфильмнің» қаржылық қатысымен түсірген туындысы. Фильм бір нәрсені дәлелдеді: Ресей халқы мен қазақ билігі кеңестік батырлықты сағыныпты, және оны экраннан көру үшін рубльмен (не теңгемен) дауыс беруге дайын екен. Бұл – Ресейдегі алғаш рет краудфандинг (қазақшалағанда «асар», не «жылу жию») жүйесімен түсірілген фильм.
А.Шальопа мен К.Дружининнің «Жиырма сегіз панфиловшысы» ұжымдық батырлықты көрсетуі тұрғысынан советтік киноның дәстүрлеріне адал. Бірақ, бір жарым сағаттық фильмнен кейін бірде-бір кейіпкердің есімі есіңде қалмайды. Өйткені, ешбірі тұлғаланбаған, биографиялары жоқ. Мұндағы жалғыз оқиға – шайқас. Шайқасқа дейін сарбаздардан тұтастық көрмейсіз: әрі кетсе «Жеті самурай» мен Отан, Атамекен туралы, өмір мен өлім жайлы ақылды әңгімелер айтады. Оның бәрі реалистік мәнерде түсірілген шайқас сахнасына кіріспе ретінде қаншалықты орынды, қаншалықты қисынды, біз білмейміз. Бірақ, шайқаста соңғы демі қалғанша күресіп, тырнағы қимылдап тұрғанда шүріппені басып жатқан кілең ғажайып адамдар. Шетінен батыр. Қорқақтық жоқ, сатқындық жоқ, тек адал достық, қапысыз ерлік қана. Осындай қапысыз ерлік бүгінгі бейбітшілік үшін жанын берген аталарымызға тағзым ретіндегі әдемі ертегі болып елестейді. Бұл аңызбен таныс адамға, контекстіде, ол түсінікті болуы мүмкін. Ал, шетелдің көрермені, мұндай драматургиялық негіздемесі осал «ерлікке» еш сенбейтіні анық. Әйтеуір, «Сталинградқа» ұқсап жасанды бояулармен әуестенбегеніне шүкір. Актерлік ойын туралы айту қисынсыз, өйткені, мұнда ойнайтын материал жоқ.
Қазір советтік мифтер өліп жатқан заман ғой. Мәскеу мұрағатынан қырық бірдің қарашасында қызыл астананы қорғаған сарбаздың саны жиырма сегіз болмапты, төрт жүзге жуық адам екен деген дәлел шықты. Ал, осыған дейін батыр делініп келген жиырма сегіздің ішінде сатқындар да, тұтқынға түскендер де бар екен-мыс. Сөйтіп, қоғам екіге жарылды. Бірі «шындықты бар күйінде қабылдау керек» деді. Екіншісі «қасиетті аңыздан қолыңды тарт» деп тулады.
Бұл фильм, тарих деген өткен оқиға емес, сол өткен оқиғаға деген көзқарас екенін көрсетіп тұр. Фильм авторлары советтік мифтерді қорғағысы келеді. Екіншіден, фильмде кеңестік заман түсірілгенмен, идеология бүгінгі. СССР үшін ешкім де отқа жүгіріп жатқан жоқ, Сталин үшін деп ешкім пулеметтің аузын кеудесімен жаппайды. Орекеңдер туған жер үшін күреседі. Ал, қазақтар, туысқан халық ретінде көмекке келген. «Керек болса, Қазақстанды да барып қорғаймыз» деп роталастар арқадан қағып қояды. Халықтар достығы деген дұрыс, әрине. Бірақ, бұл бізге тым қымбатқа түскен достық еді. Ал, панфиловшыларға келсек, шындық қымбат па, миф қымбат па, әр адам өзі шешуі керек. Иә, Кристофер Нолан айтпақшы, «Ылғи да шындықты айту міндет емес. Кейде адамдар одан жақсырақ нәрсеге лайық». Бірақ, үлкен өлшеммен алғанда шындықтың мифті жеңуге моральдық құқы бар. Біз Дубосеково түбінде Мәскеуді қорғаған жиырма сегіз емес, төрт жүз адам екенін мойындағаннан олардың ерлігі арзандап қалмайды. Қайта аты аталмаған үш жүз жетпіс екі боздақтың аруағының алдында қарыздан құтыламыз. Бұл жағдайда шындық деректерді ғана аздап түзетуі мүмкін, бірақ, мазмұн сол қалпы, кеңес әскерінің ерлігін ешкім де жоққа шығармайды. Тарихын фабрикацияларсыз, бар қалпында қабылдап үйрену – ұлттың өскенінің белгісі. Осы тұрғыдан біз әлі ұтылып келеміз. Шындықтың алдында өтелмеген парызымыз барын естен шығарамыз.
«Анаға апарар жол»
Сол тұрғыдан алғанда шындыққа бір табан жақындау шыққан «Анаға апарар жол» жылдың ең айтулы премьерасы ретінде танылуы орынды. Бұған дейін жиырмасыншы ғасырдағы қазақ даласының күйі туралы «Аманай мен Заманай», «Жерұйық», «Жат», «Аманат», «Көшбасшы жолы» сияқты фильмдер болды, бірақ, ғасыр тауқыметтерін неғұрлым толық сыйдыра білген отандық туындының бірі – осы «Жол». Бас кейіпкерлер Ана мен Бала. Демек, Ана – Отан, Атамекен, туған жер. Бала – перзент, халық, қазақ. Анасына асыққан Ілияс арқылы туған жерге байланған қазақ туралы айтады. Екеуінің басындағы талайлы тағдыр қатар өріледі, параллель сипатталады. Сол арқылы бүтін бір дәуірдің портреті шығады.
Алтынай Нөгербекова Ілиясты босанатын алғашқы көріністен баласын құшақтап отыра кететін соңғы көрінісіне дейін, ақылды көздерімен, жүзінен төгілген мейірімімен фильмді жылытып тұрды. Әділ Ахметовпен бірге экранымызға «жаным – арымның садағасы» дейтін адамгершілік оралды. Оның бір ғана кемшілігі – кемшілігінің жоқтығы. Кеңес кезіндегі оқулықтардың бетінен түсе қалғандай. Қосалқы рольдердегі Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов, Еркебұлан Дайыровтар есте қаларлық образдар түзген сыңайлы.
Біз «қазақ киносының тілі өте кинематографиялық» деп мақтанамыз. Бірақ, бұл, «кино лайым классикаға ұқсағысы келіп тұруы керек» деген сөз емес. Мойындайық, өз-өзімізді ұмытып, бәріміз «кинематографиялық» киноның соңынан кетсек, қазақ көрермені Голливудтың жемтігі бола береді. Қазір бұқараның санасы үшін күрес жүріп жатыр. Зеңбірекке қарсы ақберенмен шығуға болмайды. Бұқаралық киноға қарсы авторлық киномен қарулана алмайсыз. Биік өнер, эстеттік кино – ол да керек, бірақ, бұқара үшін «сторителлинг» немесе қарапайым сюжет баяндаушы фильмдер басымдықта болатынын жасыра алмаймыз. Ақан Сатаевтың бұл фильмі – нағыз сол тұрпатты дүние.
Көріп отырғанымыздай, қазақ киносының қазіргі келбеті – бүкіл қазақ қоғамының келбетіндей ию-қию. Мемлекет өзіне ұнайтын киноға ақша бөледі, кейде өзіне ұнамайтын киноға да мүмкіндік береді. Ал, «кино арқылы табыс тапсам, танымал болсам, абырой жинасам» дейтін жеке студиялар, кейде кино еместі кино деп түсіріп, өз бетімен «дамып» жатыр. Жалпы талғамды көтеретін дүниелердің зәрулігі өкінішті. Авторлық фильмдер кинотеатрларға жетпейді, жетпеуіне мұндай сипаттағы киноны көрсеткісі келмейтін билік өкілдері де, көргісі келмейтін көрермен де кінәлі шығар. Бірақ, көрермен көргісі келетін киноны деңгейлі түсіру камера ұстаған ағайынға да серт пе дейміз?!
Әсия Бағдәулетқызы,
"Атырау" газеті