5 мамырдан бастап банкет залдары мен караоке-клубтар «Ashyq» жобасы арқылы жұмыстарын бастай алады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бизнес қоғамдастықтың бастамасымен 2021 жылдың қаңтарынан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында «Ashyq» мобильдік қосымшасын енгізу бойынша ілкі жобаны жүзеге асыру басталды. Аталған жобаны кеңейту мақсатында, Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, оған Ақтөбе, Көкшетау, Тараз және Талдықорған қалалары қосылды. Осы жылдың 21 сәуіріндегі жағдайға сәйкес, бағдарлама фитнес-клубтарда, СПА-салондарда, сауналарда, бассейндерде, боулингтерде, бильярд залдарында, компьютерлік клубтарда, концерт залдарында, қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істеп тұр», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның атап өтуінше, аталған жоба облысаралық және қалааралық тұрақты емес туристік тасымалдауға да енгізіліп жатыр.
«5 мамырдан бастап жобаға «жасыл» аймақтағы банкет залдары, сонымен қатар караоке-клубтар қосылатын болады. 26 сәуірден «Ashyq» жобасын республиканың барлық өңірінде тарату жоспарланып отыр. «Ashyq» жобасына «Info-Kazakhstan» сайты арқылы өтінім берген және қызмет түріне сәйкес QR-код алған, сонымен қатар әкімдіктердің сайтына орналастырылған, 7 күндік оқудан өткен бизнес өкілдері қатыса алады», - деді Ерлан Қиясов.