«Ashyq» қосымшасындағы қазақстандықтардың жеке мәліметтерін кім көре алады? Бұл сауалға санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті цифрландыру басқармасының басшысы Саян Әбдішов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ashyq» қосымшасында ешқандай мәлімет жиналмайды. Келушінің ЖСН-і мен тегі Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесінде тіркеледі. Сервердегі мәліметтер ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде тұр. Денсаулық сақтау министрлігі қосымшаға келушілердің кіруін өзінің ақпараттық жүйелері арқылы көреді», - деп түсіндірді Саян Әбдішов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Ал Нұр-Сұлтан қалалық тұрақты даму орталығының ІТ-сәулетшісі, цифрландыру саласының маманы Виталий Пустовойтенконың айтуынша, мекеме қызметкері келуші көрсеткен мәртебені ғана көре алады.
«Аталған мәртебеде ЖСН-де көрінеді. Өйткені, адам өзінің ЖСН-ін енгізіп, оң нәтиженің немесе байланыста болған-болмағандығын тексереді. Ол бұл мәліметтерді мекеме қызметкеріне көрсетеді. Бірақ, ол мәліметтері келуші өзі енгізеді», - деді Виталий Пустовойтенко.
Оның айтуынша, мекемеге ұялы телефонсыз келген адам жеке мәліметтерін тексеруге келісім береді.
Содан кейін мекеме қызметкерлері оның мәліметтерін жүйеге енгізіп, коронавируспен ауырғанын немесе ауырғандармен байланыста болған-болмағанын тексереді.