Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов онлайн брифинг барысында «Ashyq» пилоттық жобасына қатысуға өтінім беру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«6 сәуірдегі жағдай бойынша «ASHYQ» қосымшасын 125 000 қолданушы өз смартфондарына жүктеп алған, объектілерге барлығы 374 QR код берілді, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жобаға қатысушылардың саны – 91, Қарағанды бойынша – 39. Ал, Алматы әкімдігі сайтында жарияланған тізімде пилоттық жобаға қатысушылар саны – 264, бір қатысушының өтінімі өңделуде және 92 қатысушы QR кодын алу сатысында», - деді Айтуар Қошмамбетов.
5 сәуірдегі деректер бойынша қалада пилоттық жобаның арқасында Алматыда қызыл және сары мәртебесі бар 19 келуші анықталған. Жалпы, 17 қаңтардан 5 сәуірге дейін республика бойынша қызыл мәртебесі бар 273 азамат анықталды, яғни жобаға қатысушы Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалалары бойынша.
Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына пилоттық жобаға қатысушыларды енгізу және жобадан шығару тәртібін қосуды ұсынған. Қазіргі таңда жобаға қатысушыларды енгізу және шығару бойынша алгоритмдер бекіту сатысында.
«Ashyq» жобасына фитнес-клубтар, спа-орталықтар, сауналар, бассейндер, компьютерлік клубтар, боулинг клубтар қатыса алады. Оған қатысу үшін Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы Яндекс платформасындағы нысанды толтыру арқылы өтінім бере алады. Өтінім беруге арналған сілтемені «Бизнес штаб Алматы» телеграмм-арнасынан табуға болады», - деп түсіндірді спикер.