20 сәу, 2021 сағат 18:20

«Ashyq» қосымшасы: 230-дан астам алматылықтан «қызыл» статус анықталды

Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов онлайн брифинг барысында 9-18 сәуір аралығында Алматыда QR-код арқылы мәртебені сканерлеу кезінде 232 тұрғыннан «қызыл», 39 алматылықтан «сары» статус анықталғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Алматыда «Ashyq» қосымшасын 341 нысан пайдаланады. 26 өтінім қаралу үстінде. Кәсіпкерлер цифрлық жобаның қандай артықшылықтары бар екенін түсінді. Ең алдымен, бұл мекемелерге келушілердің денсаулығын қорғайды және күрделі эпидемиологиялық ахуалда жұмыс жасауға мүмкіндік береді. 

«Коронавирус пандемия басталғалы бері бүкіл әлемде бизнес шектеулермен жұмыс істеуде. Бұл кәсіпкерлік қызмет кірісіне айтарлықтай зиян келтірді. Бұл біздің елге де қатысты. Бірқатар бизнесті толығымен жабудың және шектеулерді ішінара алып тастаудың баламасы ретінде «Ashyq» пилоттық жобасы іске қосылды. Мобильді қосымшаны денсаулық сақтау министрлігінің жалпы базасымен біріктіру арқылы келушінің мәртебесі анықталады: ол адамның қазіргі уақытта вирустың тасымалдаушысы ма, жоқ па екенін көрсетеді. Яғни, бизнес субъектісі - жобаға қатысушы қабылданып жатқан санитарлық шараларға қосымша бақылауды қамтамасыз етеді», - дейді Сәдуақас Байғабылов.

Департамент өкілі қаңтар айының ортасынан бастап бизнес субъектілері «Ashyq» жобасына қосыла бастағанын атап өтті. Өткен аптадан бастап кинотеатрлар жобаға қосылды. Қазіргі уақытта М. Әуезов атындағы театрдың өтініші қаралуда. Сәуірдің екінші жартысында «Ashyq» базасына бильярд клубтары мен концерт залдарының кіруі көзделген. Мамыр айында қала «жасыл» аймаққа өткен жағдайда толымдылығы 50%-дан аспайтын жағдайда караоке, банкет залдарын қосу арқылы бұл тізім кеңейтіледі.

Сәдуақас Байғабылов жоба жұмысының арқасында 9-18 сәуір аралығында Алматыда «қызыл» мәртебесі бар 232 және «сары» мәртебесі бар 39 тұрғын анықталғанын жеткізді. QR-кодты офлайн да, онлайн да сканерлеуге болады.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілі қала тұрғындарына қосымшаның қандай режимде жұмыс істейтінін еске салды: 

1. Келушілерге өз телефондарына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп, телефон номері бойынша тіркеліп, ЖСН енгізу керек. 

2. Мекемеге кірерде өзінің кіруі үшін мекеменің QR-кодын сканерлеу қажет. Экранда мәртебесі шығады (көк, жасыл, қызыл немесе сары).

3. Шығатын кезде де өзіңнің шыққаныңды тіркеу үшін QR-кодты сканерлеу керек. 

Келушіде смартфон болмаса немесе осы мобильді қосымшаны жүктеу кезінде қиындықтар туындаған жағдайда жауапты тұлғаға - мекеменің қызметкері қосымшаға келушінің ЖСН енгізу арқылы оның кіруін тіркей алады.

Сәдуақас Байғабылов «Ashyq» қосымшасы, жаппай вакцинация, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау - бұл шаралардың барлығы ел тұрғындарына үйреншікті өмір ырғағына оралуға мүмкіндік беретінін айтып толықтырды. 

Сонымен қатар, ол егер жобаға қатысушылар «Ashyq»-пен жұмыс істеуге рұқсат алса, бірақ қосымшаның мүмкіндіктерін пайдаланбаса, келушілерді бақылаусыз ішке кіргізсе, олар 230 АЕК айыппұл мөлшерінде карантиндік шараларды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.