Осы жылдың соңында ашаршылық тақырыбындағы «Ақ боз үй» толықметражды көркем фильмі көрерменге жол тартады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«20-30 жылдардағы ашаршылық тақырыбында Смағұл Елубайдың сценарийі бойынша 2020 жылы «Ақ боз үй» толықметражды көркем фильмі өндіріске жіберілді, фильмді тапсыру осы жылдың соңына жоспарланған», - деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы ашаршылық зардаптары тақырыбына арналған драматург О.Жанайдаровтың «Жұт» драмасы еліміздің М.Лермонтов атындағы Ұлттық академиялық орыс драма, А.Н.Островский атындағы Батыс Қазақстан облыстық орыс драма, Шығыс Қазақстан облыстық драма, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрларында сахналанып жүргендігін атап өтеді.
«Сонымен қатар, аталған тақырыпта А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Ш.Мұртазаның «Тұрар. Сталинге хат» және Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық академиялық қазақ музыкалық драма театрында С.Ембергеновтің «Ана жүрегі» спектакльдері де сахналанған», - деді Үкімет басшысы.