19 мау, 2017 сағат 07:56

Аш болсаң, аспанға қара!

Сомалиде екі күннің ішінде 120 адам аштан қатып қалыпты... Біздің елде де тыңқыйып тойып жүргендер шамалы... Менің сегіз балам бар, тағы да тудыра беруге шамам бар, бірақ шиеттей бала шағамды қалай асырасам екен деген сықсиған сұрақ санама сурет салумен келеді.

Қарным ашып, ішім шұрылдай берген соң, далаға шықсам, жаңбыр жауып тұр екен, көзімді жұмып, аузымды тостым. Бір кезде сүттің дәмін сездім. Көзімді ашып қалсам, мәссаған, жаңбыр емес, сүт жауып тұр! Сиыр сүті ме, жылқы сүті ме, білмеймін, үйге тұра жүгірдім: «Қатын! Ойбай, шелек алып шық далаға, сүт жауып тұр, сүт!» Бала– шағамызбен қарық болып қалдық. Көшеге шықсам, жұрттың бәрі аспанға ауыздарын тосып жатыр екен. «Е–е–е, дедім ішімнен, қарындары ашқан, қымбатшылықтан мазалары қашқан жалғыз мен емес екенмін ғой?» Бір кезде сүтіміз айранға ауысты! Айран жауып жатыр! Айран!

Үсті– басымыз малмандай айран! Шелек– шелек айран алдық. Үкімет қарық қылмаса да, Алланың бізге берген тегін несібесі! Ауылда ыңыршағы айналып отырған қара халық қарық болып жатқан шығар? Бір кезде... О, құдырет! О, тәңірім... Кеспе көже жауып жатыр! Сорпасыман... Жып-жылы...Үсті– басымыз көжеге малынды. Құлақтарымызға «лапша ілінген»... Тыңқиып тойдық! Өмірімізде дәл осылай тоймаған шығармыз? Әйелім талға ілініп қалған кеспе ні аузына салып жатып: «Ертең жылытып жеуге керек, табақ алып шығыңдар! Табақ тосыңдар!» деп қояды. Тыңқиып кеттім. Дереу дәретханаға жүгіріп... Қайта келіп, аузымды тосып жатырмын... Ой, айналайын үкімет, беретін ең төменгі айлығың 24 мың теңге ғана, мына Тәңірге қарашы, бере салды ғой!

Бір кезде күн күркіреп, аспаннан ет жауды! Ет! Ет болғанда, піскен ет! Піскен ет болғанда, жылқының еті! Тегін! Жалп– жалп етіп, жерге жауып жатыр! Дала етке толды! Бір кезде әйелім шалқасынан түсті. «Ойбай!» деп. Басына тоқпан жілік сарт ете қалған ғой. Жүгіріп көшеге шықсам, көліктердің «лобобойлары» сынып, жүргізушілер қорқып отырса, енді бір өзбек тап сол жерде кәуәп пісіріп жатыр екен! Тағы біреулер жерден ет теріп, қапшықтарына салып жатыр! Әне бір бойжеткен қол шатырмен кетіп барады екен, басына жалпақ ет жалп етті де, етпетінен түсірді. Біз де қарап тұрмай, үйге ет тасыдық! Бір бөлмеміз етке толды! Бірақ ертең оны қалай сақтасақ екен? Сасып кететін болды–ау? Мәссаған, далаға шықсам, ақша жауып жатыр! Жапалақтап! Он мың теңгелер! Көшеге атып шықсам, жұрт дегенің қырылысып жатыр екен! Ақшаға таласып! «Джип» мінген байлардың өзі кедейлерді қуалап... Он қапшық ақша жинап алдым. Бір кезде үйдің шатыры сатыр-сұтыр етіп кетті. Қарасам, тиындар жауып жатыр! Жер дүниенің бәрін тиын басып кетті! Ойпырмай, ендің біздің елді кедейлер деген халық болмайтын шығар? Ойпырмай, енді біздің елдің қайыршылары жоғалып кететін шығар? Тек, біздің Шымкентке ғана жауып тұр ма екен? Бізде ғана шығар ә? Өйткені, ең кедей тұратын облыс біз екенбіз ғой...

Далаға шықсам, балаларым, теңге кешіп ойнап жүр. Бір–бірін теңгемен атып... О, тәңірім, біздің де тоятын кезіміз бар екен ау? О, тәңірім... Жыладым... Жылаған себебім, мұның бәрі қиялым еді ғой... Қиял қайығы қайда апармайды адамды? Ал, қиял қарын тойдырмайды..

Мұхтар Шерім