Желі қолданушылары бұл видеоға 5 мыңнан астам пікір қалдырған.
"Асанәлі ағамызға бәрі жарасады", "Аңыз адамның көлігі", "Заң барлығына ортақ", "Шындыққа жанаспайды", - дейді олар.
Ал "Миллион" командасының мүшесі Мансар Орынхан Асанәлі Әшімовтің мемлекеттік нөмір орнына инициал қолдануға рұқсат алған жалғыз қазақстандық екенін жеткізген.
"Міне, мынау Асанәлі Әшімов ағамыздың көлігі екен. Сол кісіге ғана осылай жүруге рұқсат берілген", - деді ол TikTok-та таралған видеолардың бірінде.
Біз КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің әйелі Бағдат Әшімовамен байланысып, мәселенің мән-жайын сұрадық.
"Бұл жалған ақпарат екенін білдіргім келеді. Қазір Желіде көптеген ақпарат тарап жатыр, оның барлығы да қолданушылардың қиялынан туды. Асанәлі Әшімовке Қазақстанда мұндай ерекше нөмірмен жүруге рұқсат жоқ", - дейді ол.
Сонымен қатар, Әшімова ASANALI нөмірінің қайдан пайда болғанын түсіндіріп берді.
"Асанәлі Әшімовтің 85 жас мерейтойында осы нөмірді уақытша таққан еді. Оның өзінде сыртқа шыққан жоқ. Ал қала ішінде видеоға түсіп қалған сәтке тоқталсақ, бұл жаңадан түсіріліп жатқан фильмнің кадрлары екенін біліп жүріңіздер. Қазір Асанәлі Әшімов туралы фильм түсіріліп жатыр, ол үшін Қазақстанның барлық облысын аралап шыққан еді", - деді актердің жұбайы.
Бұл жағдай туралы Қызылорда облысының полиция қызметкерлері де жауап берді.
"Облыстың полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмір белгісінің стандартқа сәйкес келмегені үшін "Cadillac" автокөлігін тоқтатты. Автокөлік актер, режиссер, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстан театрлары қауымдастығының президенті Асанәлі Әшімовке тиесілі болып шықты. Уақытша нөмір актердің 85 жыл мерейтойына арналған деректі фильм түсіруге пайдаланылды. Полиция қызметкерлерінің ескертуінен кейін автокөлікке тиісті мемлекеттік белгі бекітілді", - делінген ведомство хабарламасында.