Арыста апатты жағдай орын алғалы бері үш айдан асты. Жұртшылық арасында әртүрлі пікірлер тудырған төтенше жағдайға байыпты баға беру үшін сарапшы пікірін сұраған едік.
Әлжанов Қалижан Қуанышбайұлы – отставкадағы полковник, "Қызыл жұлдыз" орденінің кавалері, Қазақстан Қарулы Күштерінің зейнеткері. Халықаралық әскери операцияларға қатысуда тәжірибесі бар. Қызмет жолын звод командирінен бастап, Үкімет аппараты қорғаныс секторының меңгерушісіне дейінгі жолдардан өтті.
- Бірден басты сауалға көшсек: жарылыс неден болды және оған кім кінәлі?
- Келісемін, орын алған оқиғаның себебін анықтау аса қажет. Бұл ең әуелі сол төтенше жағдай қайталанбауы үшін маңызды. Оның себептері мен кінәлілерді құзырлы органдар анықтауы тиіс. Дегенмен, менің сізбен бөлісуге дайын кейбір ойларым бар.
Әңгімені бұл оқ-дәрі қоймасы қайдан пайда болғанынан бастасақ. Біздің әскерилерге қойма Кеңес Одағынан мұраға қалды. Ол 1934 жылы салынған. Әдетте, бұл секілді төтенше жағдайларға жол бермеу бойынша барлық қажетті жұмыстар жобалау кезеңінде жүргізіледі. Ал қазіргі әскерилердің бірдеңені өзгертуге мүмкіндігі болды ма? Мүмкін, Тәуелсіздіктің әуелгі жылдарында, алғашқы қорғаныс министрлерінде ондай мүмкіндік болған да шығар. Бірақ 1991 жылдан бері мұндай түбегейлі шешімдер қабылданған жоқ. Демек, қазіргі әскерилерде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан оларға Кеңес Одағынан қалған мұраны қалпында ұстаудан басқа таңдау болмады.
- Яғни жобалау кезеңіне біздің әскерилер араласа алмады ғой?
- Дәл солай.
- Қойманың жай-күйін қарап, қалпында ұстау да айтарлықтай болмады ма?
- Оқ-дәрі сақтаудың жөнін білетін кез келген білікті сарапшы сізге әрбір оқ-дәрі қоймасы қауіп төндіретінін айтады. Кім ұшақ құламайды, кеме батпайды деп кепілдік бере алады? Оқ-дәрі қоймасы да солай. Ешкім де шұғыл жағдай болмайтынына 100% кепілдік бере алмайды. Қандай да болсын апат айтып келмейді. Өкінішке қарай, қару-жарақ пен оқ-дәрі қоймаларының жарылуы бүкіл әлемде болып жатады. Мысалы, АҚШ пен Австрияда, Канада мен Қытайда. Бұл ретте әскери қызметшілердің басты міндеті – қауіп-қатерлер мен қайғылы салдардың орын алу мүмкіндігін барынша азайтуға жұмыс жасау ғана.
– Сонда қатерді барынша азайту үшін не істелуі тиіс? Ал біздің әскерилер іс жүзінде не істей алды?
- Әлдеқандай болып көрінуге тырысқаннан, анығында сондай болған жақсы. Бұл – ұзақ жылдар бойы, соңғы жылдары да алдын ала жүргізілген әскери жұмыстарға қатысты айтылар сөз. Егер атқарылған істер ауқымын азаматтар көрмесе, демек бұл жұмыстар әскери бөлім мен Қарулы Күштерге ғана мәлім болуы тиіс деген сөз. Көп нәрселердің құпия сақталуы – әскери қызметке тән ерекшелік.
Мән-жайына жеке өзім қанық жайттарға тоқталсам, біріншіден, қоймалар бір-бірінен тиісті арақашықтықты сақтай отырып, дұрыс орналастырылған. Екіншіден, әскерилер барлық қоймаларды, сақтау орындарын қоршаумен, яғни жер біліктерімен жабдықтады. Осылайша соққы толқынының таралуын төмендетті және сынықтардың ұшуын болдырмады. Үшіншіден, қоймалар арасында жер бойынша детонацияны азайтатын арнайы траншеялар жабдықталды. Төртіншіден, барлық жерде жырту жүргізілді. Осының арқасында өрттің таралуы азайды. Бесіншіден, бұл ең маңызды пункттердің бірі - барынша қашықтыққа ұшатын реактивті снарядтар елсіз далаға ұшып кетті.
Барлық оқ-дәрілер үш аумақта орналасқан. Сондықтан олардың көп бөлігі апаттан аман шықты. Ең қуатты оқ-дәрілер осы аман қалған екі аумақтың бірінде болатын. Бұл ретте қойма аумағындағы өртті ауыздықтап, қалған қоймалардың жарылуына жол бермей, үлкен қайғылы жағдайдың алдын алған әскери өрт сөндірушілер еңбегін ерекше атап өткен жөн.
- Бұл шаралар қандай нәтиже берді?
- Ең аз дегенде 9 сағат берді. Осы уақыт ішінде Арыстың барлық тұрғындарын көшіруге және мыңдаған адам өмірін құтқаруға мүмкіндік алдық. Техникалық қауіпсіздік, өрт сөндіру құралдары, жүк техникасының жарамдылығы, әскери қызметшілердің жағдайға бейімделе білуі – осының барлығы жарылыстар уақытын соза тұруға мүмкіндік берді. Егер жарылыс бір сағат немесе екі сағат бойы өтсе, қала тұрғындары эвакуациялана алмай қалар еді.
Барлығы "Құдай сақтады" деп жатыр. Сақтансаң сақтайды ғой, бірақ әскерилер атқарған жұмысты да ұмытпау керек.
- Алайда екі әскери қызметкер мен бір тұрғын қаза тапты.
- Адам шығынынан басқаның бәрінің орны толады ғой. Тіпті бір адам зардап шеккенінің өзі үлкен қайғылы оқиға. Алайда, мұндай оқ-дәрілердің жарылыс салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін еді. Ресейдің Краснояр өлкесіндегі Ачинск маңындағы соңғы оқиғаларды еске түсірейік. Бес жыл бұрын Қытайда қару қоймасында жарылыс болған кезде 17 әскери қаза тапты. Үш жыл бұрын үнді әскери объектісінде ірі жарылыс болып, өрт шықты. Нәтижесінде 17 адам қаза тауып, тағы 19 адам жарақат алды. Көрші елде бір снарядтың жарылысынан 70 адам қаза тапты.
50 мың халқы бар қала жанында ондаған мың тонна оқ-дәрі жарылып, бір ғана тұрғын қаза тапқан жағдай бүкіләлемдік тәжірибеде болған емес. Өкінішке орай, бір кәмелетке толмаған бала жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнынан 10 шақырым жерде қаза тапты. Өрт пен жарылыстың эпицентрінде қаза тапқан екі әскери қызметкер өз міндеттерін орындады. Олар отпен алысты.
Ойлап қарасаңыз, су айдындарында жыл сайын 300 адам суға кетеді. Бұл шомылу маусымы тек 3-4 айға созылады. Жол-көлік оқиғасында ай сайын 100-ден астам адам қаза болады. Және ешкім автокөліктерге тыйым салу немесе су қоймаларын жабу керектігін айтпайды.
- Қайғылы оқиғаға дейінгі жұмыстар жайы түсінікті. Апат салдарын жою туралы айтсақ. Неге қала ішінде бүгінге дейін оқ-дәрілердің фрагменттері табылды және оларды жою процесі қалай өтті?
- Оларды жоюмен алғашқы сағаттардан-ақ көптеген әскери мамандар айналысты. Олардың қатарында әскери өрт сөндірушілер, саперлер, ветеринария, химиялық қорғау қызметтері және басқалар болды. БАҚ хабарламалары бойынша алғашқы күндері 2000-нан астам әскери қызметші мен екі жүзден астам арнайы техника жұмылдырылды. Әскери саперлер дереу қаланы оқ-дәрілердің фрагменттерінен тазарта бастады. 4 күн ішінде 50 мыңға жуық халықты қалаға қайтару үлкен көрсеткіш. Менің білуімше, дәл мұндай жұмыс өзге еш жерде болған емес.
Әскери қызметшілер қаланы және іргелес аумақтарды, әскери сүңгуірлер Арыс өзенінің 40 км арнасын тазалады. Мұнан соң ең күрделі кезең - қойма аумағын тазалау және қойманы көшіру басталды. Оқ-дәрі фрагменттерін анықтауға келетін болсақ, шатырда, шөп арасында немес қоқыста жатқан кез-келген 5-20 см ұсақ металл оқ-дәрінің фрагменті болып саналады.
- Бұрынғы әскери қызметкер ретінде, әскери қызметшілердің жұмысына қандай баға бересіз?
- БҰҰ қамқорлығымен құрылған Тәжікстанның миналар мәселелері жөніндегі ұлттық орталығының, РФ Қарулы Күштерінің минаға қарсы халықаралық орталығының халықаралық сарапшылары мен мамандары жою жөніндегі барлық шаралар уақтылы жасалғанын айтты. Сондай-ақ, қоймаларда оқ-дәрілерді сақтау процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, әйтпесе жарылыстардың салдары мұнан да ауыр болатынын анықтады. Апат ауқымының салыстырмалы түрде шағын болуы – қазақстандық әскери іс-қимылдар тиімділігінің тікелей көрсеткіші. Мен бұл пікірмен келісемін.
Алайда, қазір әскери қызметшілердің алдында аса жауапты міндет тұрғанын ұмытпау керек. Ендігі мақсат – оқ-дәрілерді шығару және қойма аумағын қалған фрагменттерден тазарту. Оларды жою үшін әскерилер фрагменттерді қаладан 60 км жерге шығаруы керек болатынын ескерсек, бұл үлкен тәуекел және ұзақ уақытты талап ететін жұмыс. Бұл шешім әскери қызметшілердің жергілікті халықтың мүддесі мен қауіпсіздігін басты назарда ұстайтынын көрсетеді.
- Демек, әскерилер жазаға емес, марапатқа лайық болғаны ғой?
- Әрине. Кінәлілер жазасын алуы тиіс. Ал төтенше жағдайдан кейін олардың қателіктерін түзеткендерге алғыс айту керек.
- Сіз оқ-дәрі жарылысынан болған апаттық жағдай ауқымының аз екенін айтасыз. Бірақ әлеуметтік желілерде пікір мүлдем басқаша.
- Желідегі популистер мәселенің мән-жайын жөнді білмей жатып, қаланы әлеметтік желілерде "қираған қала", "үйінді" бейнесінде көрсеткісі келеді. Негізі қаланың үлкен аудандары зардап шеккен жоқ. Шын мәнінде жақын орналасқан үйлер зардап шекті. Ал шығынның көп бөлігі - жарылыс толқыны сындырған әйнектер мен ескі шифер шатырлар. Сондай-ақ, қалада металл сынықтардың түсуіне байланысты зақымданулар бар. Бірақ олар дереу қалпына келтіріледі. Айтарлықтай залал да бар. Кейбір үйлер қирады. Бірақ барлығына түсінікті болуы үшін айта кетерлігі, әскери бөлім аумағынан ұшып шыққан бірде-бір снаряд қала аумағында жарылмаған. Бұл дұрыс сақтаудың нәтижесі.