Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) Арктикадағы жаңа температура рекордын ресми түрде мойындады – цельсий бойынша 38 градус. Халықаралық ұйым сарапшылары өткен жаздың көп бөлігінде Сібірдің арктикалық аймағында орташа температура нормадан 10 градусқа жоғары болғанын атап өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат БҰҰ жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бүгін таңертең Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы Ресейдің Верхоянск қаласында арктикалық температура рекорды - Цельсий бойынша 38 градус немесе Фаренгейт шкаласы бойынша 100,4 болғанын мойындады. Ол өткен жылдың 20 маусымында тіркелген», - деді Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның баспасөз хатшысы Клэр Нуллис.
«Бұл рекорд бүкіл Сібірдегі жылынудың айқын дәлелі», - деді әйгілі британдық климатолог және ДМҰ комитетінің мүшесі Фил Джонс.
Верхоянск поляр шеңберінен солтүстікке қарай 115 шақырымдай жерде орналасқан. Арктикаға қарағанда Жерорта теңізіне тән жаңа температура рекорды Сібірдің ұзаққа созылған ыстық толқыны кезінде метеорологиялық бақылау станциясында өлшенді. Саха (Якутия) республикасының солтүстік бөлігінде орналасқан Верхоянск қаласындағы метеостанцияда температураны бақылау 1885 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Аталған ұйым сарапшылары Сібірдің арктикалық аймағындағы жаздың жоғары температурасы өрттердің күшеюі мен теңіз мұзының жаппай еруіне әкелгенін атап өтті. Арктикадағы жылыну 2020 жылды тарихтағы ең жылы үш жылдың біріне айналдырды.