07 жел, 2022 сағат 16:15

"ARQAU-OZOK" этнографиялық деректі драмасы көрерменге жол тартпақ

«CentauRus Rustem Abdrashev production» "ARQAU-OZOK" этнографиялық деректі драмасының жұмыстарын аяқтады. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының демеуімен түсірілген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кинотуындыда қазақтың күнделікті тұрмысында қолданылған, бүгінде ұмытыла бастаған салт-дәстүр мен тұрмыстық істер дәріптеледі.

Негізгі кейіпкердің отбасы қытайдан көшіп келген. Көршісі әкесін «қытай» дейді. Ол да кейде баласына кейісе, «өй, қытай» деп қалады. Осылай картинаның бір бұлтарысы әке мен бала арасындағы тақырыпты ғана емес, екі елдің коммунистін қақтығыстырады. Қытайлық коммунист Мао Цзэдунды ер десе, Кеңестік коммунист Сталинді мақтайды.

Фильм режиссері - Әрі Би-Бек Өр-Алтай. Ол - Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, "Әриям", "Марқажүрек" жыр жинақтарының авторы, "Наз" қысқаметрлі көркем фильмінің сценарисі. Бірнеше жыл "Қазақфильм" киностудиясында қызмет атқарған.

«Арқау» деген бау-басқұр тоқығандағы жалпақ тоқыманың ортасынан жүргізіп отыратын жіп. «Өзек» деген жұмыр нәрселердің, мысалы, қамшы өргенде ортасына салатын өзек. Жалпы, «Арқау-өзек» дегеніміз барлық нәрсенің жаны, алтын діңгегі. Фильм сананың ортарсыздануы туралы. Қазақтардың санасындағы отарсыздану процесін көрсетеді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жас режиссерлерге осындай мүмкіндік беріп жатқанына алғыс білдіремін», - дейді режиссер.

Алдағы уақытта деректі драма халықаралық фестивальдерде бақ сынап, кейін қалың көрерменге де жол тартпақ.