28 ақп, 2019 сағат 11:55

Әрбір балаға - 21 мың теңге: Жәрдемақының жаңа түрін қалай есептеу керек?

«Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың жәрдемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырған болатын. Ал аталған төлемақыны алатындардың ай сайынғы табысы бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 70 процентінен аспауы тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кеткен жөн, бүгінде елімізде күнкөрістің минимумы 29 698 теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін атаулы көмекті бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 процентінен, яғни 14 849 теңгеден аспайтын отбасылар алса, енді Президенттің тапсырмасы бойынша аталған көрсеткіш 70 процентке - 20 789 теңгеге дейін көтеріледі. Соның арқасында көпбалалы отбасыларды әлеуметтік көмекпен көптеп қамтуға болады.

Экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, жәрдемақының жаңа түрін есептеу үшін алдымен отбасының бір айлық жалақысын шығару қажет. Сосын оны отбасының барлық мүшелеріне бөлу керек. Егер бір адамға шыққанда аталған сома күнкөріс деңгейінің 70 процентінен аспаса, 21 000 теңгелік жәрдемақыға ілігуге болады. «Мәселен, әкесі 50 мың теңге тапсын, шешесі тағы 30 мың теңге табады. Сонда олардың бір айлық табысы 80 мың теңге болады. Отбасыда әке-шешесі және алты бала бар дейік, сонда бір айлық табысты 8 адамға бөлу керек. Демек, әрқайсысына 10 мыңнан түседі. Қазірдің өзінде ол отбасының табысы бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 процентінен де төмен болып тұр. Оны тағы 70 процентке көтереміз деп отыр. Ол 20 мыңның үстінде. Бұл дегеніміз, көпбалалы отбасының айлық табысы бір балаға шаққанда 20 мыңнан төмен болса, жаңағы 21 мың теңгенің жәрдемақысы берілуі керек», - деді С.Жұбаев.

Президенттің кешегі тапсырмасына сәйкес, көпбалалы отбасының табысы есептелгенде басқа әлеуметтік төлемдер - көпбалалы аналар мен мүгедек балалардың жәрдемақылары саналмайды.  

Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. «Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар жағдай жақсы азаматтар болып шыға келеді», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.   

Президенттің съезде сөйлеген сөзін мына жерден оқуға болады.