Инклюзивті білім алатын балаларға ерекше жағдай қарастырылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, барлық мектепте инклюзивті білім беруге жағдай жасалып келеді. Сондай-ақ, инклюзивті білім беретін арнайы мекемелері бар. Ол жерде денсаулығында кемістігі бар, арнайы білімді қажет ететін балалар білім алады. Оларға әр жағдайға қатысты ерекше мүмкіндік қарастырылған. Бұл туралы барлық нормативтік құжаттарда белгіленген. Аралас оқу режиміне көшкен кезде осындай балалардың да жағдайы ескерілетін болады. Естуі нашар немесе мүлде естімейтін, сөйлеуі нашар немесе мүлде сөйлемейтін, психикалық дамуы тежелуі бар және басқа да бірнеше түрі бар», - дейді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.
Оның айтуынша, әр жағдайда баланың ерекшелігі ескеріліп, тиісті шешім шығарылады. Білім беру мекемелерінде оларға қалай білім берілуі керектігі шешіліп, ұйымдастырылып жатыр.