Бүгін, 27 қыркүйекте Сауд Арабиясы 49 елдің туристеріне алғаш рет виза бергенін ресми мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Аrab News сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Сауд туризм және ұлттық мұра жөніндегі комиссиясы елдегі басты туристік бағыттардың біріне айналған әд-Дирийя қаласында өткен іс-шарада мәлім етті.
Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман қолға алған «Saudi Vision 2030» реформалар бағдарламасының басты бағыттарының бірі - кикстарт туризмі (ағыл. kick start – ауыспалы мағынада: «жаңартылған, жақсартылған нұсқасын іске қосу»). Бағдарлама мұнайдан кейінгі дәуірдегі ең ірі араб экономикасын құруға бағытталған.
Туризм департаментінің басшысы әл-Хатибтің айтуынша, «туристер мәдениет маржандарын көріп таңғалады. Олар ЮНЕСКО тізіміне енгізілген бес нысан, жергілікті ұлттық мәдениет және табиғаттың көздің жауын алатын сұлулығы».
Оның айтуынша, Сауд Корольдігі шетелдік әйелдерге арналған дресс-код ережелерін өзгертпек. Яғни, турист әйелдер арабтың етек-жеңі ұзын көйлегін кимеуіне болады. Тек сыпайы киініп жүрсе болғаны.
Еуропаның 38, Азияның 7 елі, АҚШ, Канада, Аустралия және Жаңа Зеландия туристері виза алуға онлайн өтінім беруіне болады.
Arab News агенттігінің хабарлауынша, виза құны - 300 риал (80 АҚШ доллары).
Туристік визаны алуға өтініштер биыл 28 қыркүйектен бастап қабылданады.
Қазір Сауд Арабиясы туризмінің басты бағыты – қажылық сапары. Әлемнің түкпір-түкпірінен Мекке мен Мәдинаны көру үшін мұсылмандар ағылып келеді.