23 шіл, 2021 сағат 00:10

Антиваксерлерге майдан ашқалы жатқан ешкім жоқ – Дәурен Абаев


«Ашық диалог» сұхбатының кезекті санында Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев антиваксерлер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ешқандай да «мыстан аулау» болмайды. Бұл жерде әңгіме түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу туралы болып отыр. Түсінсеңіз, антиваксерлер өздері екпе алғысы келмейтінімен қоймай, айтарлықтай агрессивті насихат жүргізіп жатыр. Фейк жаңалықтарды пайдаланып, жалған медициналық фактілерді алға тартуда. Өздерінің жақындары мен туғандарын екпе алғызбауға көндіріп, қысым жасаған жайттар да аз емес. Әрине мұндай жағдайда оларды қасарысушылар демеу қиын», - деді Дәурен Абаев. 

Оның сөзіне қарағанда, осы тақырыпқа жүргізілген әлеуметтік зерттеулер вакцинаға қарсы тараптың саны соншалық көп емес екенін көрсеткен. 

«Сарапшылар түрлі пікір айтып отыр. Мысалы, жабық жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар вакцинацияға қарсылардың қарасы көп емес екенін көрсетеді. Оларды ат төбеліндей агрессивті топ деп атауға болады. Сондай агрессивті, белсенді азғантай тарап пассивті көпшілікке қарсы келіп отыр деген сөз. Бірақ осы азғантай топ бір минут та өздерінің ұстанымы дұрыс екеніне күмәнданбай, ұстанымдарын дәлелдеп бағуда», - деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары. 

Дәурен Абаев антиваксерлердің азаймай тұруына ақпарат дәуірінде конспирологиялық теориялардың көбейіп кеткені де әсер етіп отырғанын айтады. 

«Біз ақпарат дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Егер ХІХ ғасырмен салыстырсақ, біз ақпарат алатын көздердің саны ол замандағыдан мыңдаған, тіпті он мыңдаған есе көбейген шығар. Күн сайын алатын ақпараттың көптігі сонша, оны өңдеп, таразылап үлгермей жатамыз. Әлемнің кескіні күрделі, ала-құла болып барады. Ал адам баласы бәріне жауап тапқысы келеді. Сондықтан, сарапшылық көзқарастарға сүйенсек, алуан түрлі өзгерістерді әрбір адамға түсіндіру күн өткен сайын қиындап келеді. Бұл уақыт пен орасан күшті қажет етеді. Мұндай адамдарда бәріне жауап табудың әрқашан жеңіл жолы бар. Ол – конспирология. Бұл өзі әлемдегі кез келген оқиғаны түсінідіріп беретін сиқырлы дүние ғой. «Бәрімізге чип таққысы келіп жүрген» Билл Гейтс сияқты «зұлым ағайға» бәрін жаба салуға болатын болса, күрделі әлеуметтік процестердің ішіне үңіліп, саяси жүйені, экономикаға ғана тән құбылыстарды зерделеудің қажеті қанша», - деді ол.