Ұлттық валютамыздың бағамына әлемдік мұнай бағасы емес, орыс экономикасы ықпал етіп тұр.
Мұнай бағасының өсімі 2014 жылдан бері рекордтық көрсеткішке өсті. Бірақ теңгенің жағдайы жақсарған жоқ. Демек ұлттық валютамыздың бағамына әлемдік мұнай бағасы ықпал етпейді. Мойындасақ та, мойындамасақ та біз Ресей экономикасына салынған санкцияның салдарын сезініп, соған тәуелді болып отырмыз.
Естеріңізге сала кетейік, бірер апта бұрын ғана қара алтын құны барреліне 70 доллардан асқан еді. Бағаның 70 доллардан асуына Таяу Шығыстағы шиеленісті жағдай себеп болған. Нақтырақ айтар болсақ, АҚШ-тың Асад әскеріне ашық шабуыл жасауы аймақтағы әскери жағдайды ушықтырып, өз кезегінде шикізат нарығына ықпал еткен еді. Мұнаймен бірге тербелетін теңге үшін бұл жаңалық оң өзгеріс әкелмеген еді. Өйткені сол әскери қақтығыстың нәтижесі ретінде АҚШ-тың жаңа экономикалық санкциялары рубльге соққы болып тиген. Сөйтіп алғаш рет шикізат нарығы қалыпқа келген уақыттан бастап рубль-доллар жұбының қатынасы 60/1-ден асып кеткен. Осылайша теңгеге мұнай бағасынан гөрі рубль құны қаттырақ ықпал ететіні байқалған.
Ресейдің қор нарығы күрт төмендегенде, доллардың теңгеге шаққандағы құны 330-ға дейін көтеріліп кейін қайта төмендей бастады. Кей сарапшылар бұл бағамның Ұлттық банк интервенциясы нәтижесінде жасанды төмендетіліп отырғанын алға тартса, бас банкирдің өзі теңге өз күшімен тұрғанын айтқан. Қалай болғанда да, теңге үшін алғашқы бірнеше апта жайлы болатынға ұқсайды. Доллар құны 300 теңгеден төмендеп кетпесе де, қазіргі бағамнан анағұрлым төмендеуі әбден ықтимал. Мұның ең бірінші алғышарты Ресей қор нарығының қалыпқа келе бастауы. Орыс сарапшыларының айтқанындай, қазіргі таңда елде Вашингтонның тікелей санкциясына ұшыраған «Росал» компаниясынан басқасының жағдайы жаман емес көрінеді. Мәселен РТС пен Мосбиржа секілді екі ірі қор нарығының құны апта басынан бері тиісінше 2,95% және 2,3% көтерілген. Осылайша бір-ақ күннің ішінде құлаған биржа жыл басынан бергі жағдайын қайта қалпына көтеріп, ендігі 0,01% өсімге шыққан. Әрине бұл былтырғы осы уақыттағы 8,2%-дық өсімге жетпейді, дегенмен бастысы «минуста» емес.
Айта кетерлігі, қазір орыс саудагерлері алдағы бірнеше апталық ахуалға өте позитивті қарап отыр.
«Мұнайдың қазіргі бағасында доллар 59 рубль айналасында болуы керек. Ал қазір қымбат болып тұрғаны нарық әлі де болса санцияның әсерінен шыға алмай отыр», – деген сарапшы сөздерін жариялайды орыс басылымдары.
Мұнайдың қымбаттауымен қоса орыстың орталық банкі рубьді қолдау операцияларын да жүйелі жүргізуде.
Теңгені өрге тартушы тек орыс биржасы ғана емес екен. Мұнай нарығына ең көп ықпал ететін екі алыптың бүгінгі мәлімдемесі жоғарыда айтылғандай мұнай бағасының 2014 жылдан бергі рекордты жаңартуына мұрындық болды. Нақтырақ айтар болсақ, алдымен АҚШ энергетика агенттігі мұнай сатушы елдер үшін жағымды жаңалығымен бөлісті. Құрама штаттардың мұнай қоры өткен апта 1,07 млн баррельге, жанармай қоры 2,97 млн баррельге азайған екен. Осы жаңалықтың артынша Сауд Арабиясының алдағы жоспары туралы Рейтерс басылымы қызық дерек жариялады. Басылым елдің құзіретті органдарының үш өкіліне сілтеме жасай отырып, ел үкіметі алдағы уақытта мұнай бағасын 80 долларға, артынша тіпті 100 долларға дейін көтеру операциясын қолға алғалы жатқанын хабарлады. Әзірге нақты шара қабылданатыны туралы дерек жоқ. Дегенмен ОПЕК+ шарты бойынша шикізат өндірісіне шектеу қою келісімі одан сайын күшейе түсетіні жасырын емес. Қазірдің өзінде ОПЕК мүшелері мойындарына міндет қылып алған көлемді артығымен қысқартып, нарықта жасанды тапшылықты күшейте түсіп жатыр.
Геосаяси ахуал мен әлемдік шикізат нарығының қайсы да қазіргі таңда шикізат сатушы елдер үшін тиімді болып тұр. Дейтұрғанымен теңге орнынан қозғалар түрі жоқ. Ғаламдық шикізат дағдарысынан енді шықтық па дегенде антиресейлік санкциялар сап ете қалып, экономика сол баяғы бәсең қалпы қала бергендей. Егер мұнай бағасының өсімі қазіргі қарқынды сақтайтын болса, жаз ортасына дейін қара алтын құны 80 долларды маңайлап қалуы ғажап емес. Ондай кезде доллардың теңгеге шаққандағы құны 310 доллардан төмендеуі тиіс еді. Дегенмен мұнай бағасына қарағанда біздің ұлттық валютаға Ресей экономикасы қатты әсер етіп жатқанға ұқсайды.
Қалай дегенде де, жақын болашақта АҚШ-тың орыс компанияларына тағы да тікелей санкция салуы екіталай, демек рубль тұрақтанады. Өз кезегінде мұнай өсімі сақталатын болса, теңгенің құны нығаяды. Болжам бойынша, бағам 315-320 арасында сақталуы тиіс.
Бауыржан Мұқан, abctv.kz