Желіде танымал болып кеткен Гүлмайдан Серікбай (Дана) жаңа жылдық шоудың түсіріліміне қатысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Халық сүйіктісі атанған күнім. Сіздердей жүрегі мейірімге толы қолдаушыларымның себепкерлігімен осындай үлкен сахнаға шығып, ән айтып, "халық" әншісі атандым. Ешқашан осындай үлкен телевизиялық сахнада ән айтамын деп ойламаппын. Осы әдемі телевизиялық кешке арнайы қонақ етіп шақырған барша жанға алғысымды білдіремін", - деп жазды әнші Instagram парақшасында.
"Өкінішке қарай, кешегі күнге дейін әншілердің киген киіміне, шашына, бет әрлеуіне көп назар аударатынмын... Бірақ дәл бүгіннен бастап әншінің, әртістің, актердің түріне емес, талантына мән беретін болдым", - дейді Дана.
"Армандар орындалатынына толықтай көзім жетті, Аллаһым маған берген бағың мен өнерімнің әлі де талай танылып, биік әлемдік сахналық белестерге жетуіме нәсіп етші", - деп түйіндеді әнші.
Продюсер Жан Мұқановтың айтуынша, жаңа жылдық шоудың толық нұсқасы 31 желтоқсанда 31 арнадан көрсетіледі.
Айта кетері, бір күнде танымал болып кеткен сылақшы-әнші Гүлмайдан Серікбай (Дана) Asia's Got Talent халықаралық байқауына қатысады. Ұйымдастырушылар Гүлмайданға өздері хабарласып, оның кастингтен өткенін хабарлаған.