«Нұр-Мұқасан» тобының экс-солисі Мұқасан Шахзадаев «Алматы әуендері» мекемесінің көркемдік жетекшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы өнер иесінің досы әрі әріптесі Мейрамбек Бесбаев Instagram әлеуметтік парақшасында жазды.
"Алматы Әуендерінің" су жаңа көркемдік жетекшісі досым - Мұқасан Шахзадаев. Қазақ әніне 30 жылдан астам уақыт еңбегі сіңген, халықтың сүйікті ұлына айналған Мұқаш ару Алматының өнерін дамыту ісіне зор өмірлік һәм кәсіби тәжірибемен кірісіп отыр. Мұқасанға сәттілік тілейік, ағайын!", - дейді әнші.
Хабарды Алматы қалалық мәдениет басқармасы да растап отыр. «Әнші Мұқасан Шахзадаев «Алматы әуендері» мекемесінің көркемдік жетекшісі болып тағайындалды», - деп мәлім етті олар.
Мұқасан Шахзадаев - 1972 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Талас ауданында туған. Танымал эстрада әншісі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты.
1989 жылы Тараз мәдени училищесін бітірген. 1990 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің (бұрынғы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтынның) музыка факултетін тәмамдаған.
1990 жылы «Нұр-Мұқасан» дуэтін құрып, сол топта 25 жыл өнер көрсетті.