Дүниежүзілік бала емізу апталығына орай, Алматы қаласы Қоғамдык денсаулық сақтау басқармасының N29 қалалық емханасының бас дәрігері, жоғары санатты акушер-гинеколог Ақмира Садықова омыраумен емізудің пайдалы тұстарын әңгімелеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ана сүтімен емізу – дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жанындағы Ана мен баланың денсаулығын қорғау орталығының бір бағдарламасы. Бұл бағдарламаны 170 ел қабылдаған және оның ішінде Қазақстан да бар. 1990 жылдан бастап, 1-7 тамыз аралығында әлемнің 170 мемлекеті ана сүтімен қоректендіру, емізу апталығын өткізіп келеді.
Балаға қажетті дәрумен ана сүтімен беріледі
Омыраумен емізудің бала үшін, ана үшін, жанұя үшін және еліміз үшін де пайдасы бар. Бала үшін ана сүті – ең жақсы тағам. Баланы 9 ай көтерген ана ағзасындағы әрбір жасуша балаға қандай микроэлементтің қажет екенін сезеді. Яғни, ана өз сүті арқылы ақуыз, көмірсу, май, пайдалы дәрумен, минералдарды тура балаға керек мөлшерде бере алады. Сондай-ақ, ана сүтін «Баланың иммунитеті» деп атайды. Себебі, ана сүтінде иммуноглобулиндер бар. Ол сәбидің әртүрлі вирус, инфекция, микробтарға қарсы күресуіне мүмкіндік береді. Емізу баланың анасына деген сүйіспеншілігін арттырады және бала анасының махаббатын сезеді. Сүйіспеншілікте өскен бала басқаны да сүюге қабілетті болады.
Жаңа туған сәбиді бір сағатта ана омырауына салу керек. Бала емгенде, ананың гормондық теңгерімі дұрысталады, жатыры жиырылып, босанудан кейінгі қан кетуден қорғайды. Омырау обыры немесе аналық бездегі обырдың алдын алуға болады. Психологиялық тұрғыда да, әйел тоғыз ай көтерген сәбиін бауырына алып, қоғам алдындағы аналық борышын орындағанын ұғынады.
Емшектен күштеп шығаруға болмайды
Асылында, баланы 6 айға дейін тек қана ана сүтімен қоректендірген абзал. Алты айдан кейін омырау сүтімен қатар қосымша тағамдарды беріп бастау керек. Баланың өзі омыраудан біртіндеп бас тартуы тиіс, оны күштеп шығару дұрыс емес.Үш жасқа дейін бала ана сүтінен айырылғысы келмесе, түнгі емізуді қалдыруға болады. Ата-бабаларымыз кезінде баланы 5-6 жасқа дейін емізген және оның дұрыстығын ғалымдар дәлелдеді. Себебі, қосымша тамақ жей отырып, емшектен бас тартпаған бала толық уыз алмады деген сөз. Емшекті азайтқанда, бас тартуға жақындағанда, ана омырауынан майлы, құнарлы уыздың бөлінетіні содан. Себебі, омырау бала ағзасына қажетті заттарды беріп отыр.
Әйелдің жұмысқа шығуы немесе студент атануы да сәбиді сүттен айыруға себеп емес. Әсіресе студент аналар сүтті сауып, бөтелкені күтушіге қалдыра алады және кейінгі уақытта өз омырауымен емізуіне болады. Дене бітімін ойлаған әйелдердің де емізуді күрт үзуі дұрыс емес. Себебі, жүктілікте кез келген ана орта есппен 20 келіге дейін салмақ қосады. Іштегі баланың салмағы – 3 келінің айналасында ғана, оның жолдасы мен үлкейген жатырдың көлемі шамамен 2 келі, әрі кесе 6 келіні ғана құрайды. Ал қалған 14 келіні жүкті организм баланы омыраумен емізуге қор ретінде жинайды. Егер ана баланы 6 айға дейін омыраумен қоректендірсе, 2 жасқа дейін қосымша тағам бере отырып, тағы да емізсе, 14 келі қайтадан сылынып түседі. Яғни, жинаған қор балаға жұмсалады. Ал аяқ асты омыраудан күштеп шығару ағза үшін гормондық стресс болады және эндокриндік мәселелер туындауы мүмкін. Тек қана әйел келесі балаға жүкті болғанда, ағзаға жүк болмауы үшін, мәжбүрлі түрде баланы омыраудан шығаруға тура келеді.
Ананың сәбиін емізуіне жағдай жасайық
Ана өз ағзасына зиян келтірмеуі үшін құнарлы тамақтануы тиіс. Себебі, сүтке жетіспей жатқан пайдалы микроэлементтер ананың өз жасушасынан бөлінеді, осылайша сәбиге сүт арқылы жіберіледі. Сондықтан, ана еш тағамнан өзін шектемей, жиі тамақтануы тиіс. Әсіресе сұйық тағамдар мен сусынды көбірек ішкен жөн. Баланы емізуде «Емірену» деген ұғым бар. Яғни, әйел артық ештеңені ойламай, баласымен эмоциналдық байланыс орнатуы тиіс. Әйел ашуланғанда, мазасызданға дұрыс сүт шықпайды.
Сосын бос резеңке емізіктерді мүмкіндігінше қолданбаған жөн. Яғни, емізікке бой үйреткен сәби омырауды ембей кетуі мүмкін. Себебі, емізік пен омырауды пайдаланғанда, баланың түрлі бұлшықеттері қозғалады. Бұл ауыз қуысындағы бұлшықеттердің дұрыс қалыптаспауына әкеп соғады. Жаңадан шығатын тістің, таңдайдың қалыптасуына, тістің саулығына да ықпал етеді. Ана омырауындағы, терісіндегі микрофлора балада ауру тудырмайды. Себебі, ананың иммунитеті сүт арқылы балаға беріледі. Ал резеңке емізік стерильді емес. Сәйкесінше, бөтен заттар түрлі ауру тудыруы мүмкін. Жалпы, емізу апталығының биылғы ұраны – «Ананың сәбиін емізуіне жағдай жасау» деп аталады. Ол тек ана мен балаға емес, қоршаған ортасына, жанұясына, жұмыс берушіге, көршілер мен туыстарына қатысты. Барлығы бірігіп, ананың баланы емізуіне жағдай жасауы қажет. Медициналық қызметкерлер өз тарапынан дұрыс ақпарат берсе, жұмыс беруші Еңбек кодексіне сәйкес, тиісті демалысымен қамтамасыз етеді. Жас босанған әйел 18 апта ақылы демалыста отыра алады. Әрі қарай қажет болған жағдайда 3 жылға үзіліс ала алады және оның жұмыс орны сақталады. Жақындары мен туыстары да барынша қолдау көрсеткендері жөн. Ана еш мәселеге алаңдамай, баласын өсіруі тиіс.
ЮНИСЕФ деректеріне сәйкес, әлемде ана сүтімен емізу жыл сайын 800 мың баланың өмірін құтқарады және 20 мың ананы омырау обырынан қорғайды.