ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы заманауи қазақстандық мәдениетті жүзеге асыру, Наурыз мейрамының сипатына тың серпіліс беріп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жөнінде әңгімелеп берді.
— Көктем мен жаңарудың, достық пен бауырластықтың мерекесі – Наурыз мейрамы да келіп жетті. Осы Ұлыстың ұлы күнін атап өтудің өзіндік ерекшеліктерін қайта жаңғырту жайлы айта кетсеңіз.
— Әр ұлттың, мемлекеттің өзінің төл мерекесі бар. Егеменді ел ретінде танылғаннан кейін, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының алғашқы жарлықтарының бірі Наурыз мейрамын атап өту болды. Әрине, ол кездегі Наурыз мерекесі мен қазіргі кездегі мерекені атап өту салыстыруға келмейді. Қазіргі кездегі Наурыз мейрамының сипатына тың серпіліс беріп жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы. Өздеріңізге мәлім, бұл өткен жылғы Елбасының тарихи еңбегі. Көбінесе, бізде мақала деп айтады, ал мен өз басым мұны тарихи еңбек деп айтар едім.
«Рухани жаңғыру» еңбегінен кейін халқымыздың өз тарихына, келешегіне деген көзқарасы ерекше. Әрине, ең бастысы, елдің татулығы. Наурыз біздің қоғамда бірлік, тұрақтылық пен келісім секілді құндылықтардың нығаюына ықпал етіп келеді. Біз дамыған мемлекеттер қоғамдастығына қарай қадам басудамыз. Бүгінгі жеткен жетістіктердің кепілі — Елбасының сарабдал саясаты мен ел бірлігінің, татулық пен ынтымақтастықтың арқасы.
— Заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. Осы тұрғыда жаhандағы заманауи қазақстандық мәдениетті қалай жүзеге асыруға болады?
— Мәдениеті өркендеген қоғам әр уақытта ілгері дамиды. Бүгінгі таңда әлемнің 20 елінде біздің мәдениет пен әдебиет орталықтарымыз ашылды. Ұлттық мәдени орталықтар туралы айтатын болсақ, Астана қаласындағы Ұлттық кітапханаға келушілер қатары өсіп, төл туындыларымызға қызығушылық артты.
Сонымен қатар, Елбасы көтерген ұлттық сананы көтеруде архив саласының атқаратын рөлі зор. Өйткені бүгінгі күні архивтер — халық жадының сақтаушысы ғана емес, тарихи сананы қалыптастырудың, патриоттық, рухани тәрбие берудің маңызды бір құралы. Сол себепті, әлемдегі озық үлгідегі Венеция мемлекеттік архиві, Арменияның «Матенадаран» ежелгі жазбалар Институты сияқты орталықтардың тәжірибелерін қолданып, елдегі архив ісі жаңа серпін алады деп сенеміз. Осы жердегі туындылардың электрондық нұсқалары сатылымда, бұл да экономикалық тұрғыда бір көмек болып отыр. Орталықтар архивтік қызметтен бөлек, музей ісіне де көп көңіл аударады.
— Сұхбатыңызға рақмет!
primeminister.kz