27 шіл, 2021 сағат 12:04

Америкалықтарға бірқатар елге бармауға кеңес берілді. Тізімде Қырғызстан да бар


АҚШ мемлекеттік департаменті және ауруды бақылау және алдын алу жөніндегі орталық (CDC) АҚШ азаматтарына коронавирустың ушығуына байланысты Испания, Португалия, Кипр және Қырғызстанға бармауға кеңес берді, деп хабарлайды Азаттық

CDC бұл мемлекеттерді төртінші деңгейдегі елдер қатарына қосып, америкалықтарға ол жаққа бару қауіпті екенін ескерткен. АҚШ мемлекеттік департаменті арнайы нұсқаулық та шығарған. 

CDC мен мемлекеттік департамент Арменияны үшінші деңгейдегі елдер тізіміне қосып, вакцина алмағандар әзірге бұл елге сапардан бас тартқаны жөн деді. 

Мемлекеттік департамент сонымен бірге туристерге Венгрияға бармас бұрын шешімді пысықтап алған дұрыс дейді. Украинаға барған америкалықтар сақтық шараларын қатаң ұстануы тиіс деп санайды. 

Маусым айында CDC 110-нан астам мемлекетке бару ережелерін жұмсартқан, бірақ коронавирустың өршуіне байланысты жаңадан ескертулер жасап отыр. 

Соңғы рет ескерту 26 шілдеде жарияланды. Сол күні АҚШ ардагерлер ісі жөніндегі министрлік (АҚШ үкіметінің атқару департаменті) медициналық қызметкерлерін коронавирусқа қарсы вакцина салуға міндеттеді. Бұл вакциналауды міндеттеген алғашқы ірі федералдық агенттік. 115 мың медицина қызметкеріне вакцина салдыру үшін 8 апта уақыт берілді. Екпе алудан бас тартқандар жазалана ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.