04 мау, 2022 сағат 00:25

«AMANAT» партиясы мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай ашық аспан астында концерт өткізді


Елордадағы ЭКСПО аумағында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына арналған «Менің Елім» атты мерекелік концерт өтті. Оған 20 мыңнан астам көрермен қатысты.  

Елордалықтар мен қала қонақтарының алдында қазақ эстрадасының танымал жұлдыздарымен қатар жас әншілер де өнер көрсетті. 

Олардың қатарында - Роза Рымбаева, Ұлықпан Жолдасов, «Жігіттер» тобы, Айқын, Raim, Қуандық Рақым, AYREE, Аргоня, Мансұр және Қобыланды, «Алашұлы» тобы, Дана Кентай, Фарида Жолдасова, Зарина Омарова, Prince, Садраддин, 2RAR, AKHA бар.


Өнерпаздардың үзілісі кезде «AMANAT» республикалық партиялық штабының мүшелері қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, осы жексенбіде өтетін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумға қатысуға шақырды.


Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек атап өткендей, еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. 

«Бәріміз бірге, бүкіл халық болып Мемлекет басшысы жариялаған саяси реформалар бағыты төңірегінде топтасайық», - деді халық қалаулысы.


Өз кезегінде белгілі тележүргізуші Мақсат Толықбай конституциялық реформа «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Қараңыздаршы, көк туымыздың желбірегені адамды қалай тебірентеді, рух береді! Барлығымыз осы туды биік ұстайық! Қазір еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр», - деді Мақсат Толықбай. 


Белгілі қазақстандық спортшы Абзал Әжіғалиев те жиналғандар алдында сөз сөйледі. 

«Мен әр азаматтың құқықтары мен бостандықтары бәрінен жоғары тұратын әділетті Қазақстанда өмір сүргім келеді», - деді Абзал Әжіғалиев. 

Еске сала кетейік, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді.