12 ақп, 2018 сағат 13:14

«АЛЖИР» тұтқындарына қатысты құнды құжаттар реставрацияланды

2017 жылы елордалық музейлердің 44 жәдігері қайта қалпына келтірілді. Олардың отыздан астамы Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының АЛЖИР мемориалды-мұражай кешеніне тиесілі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.

«АЛЖИР» тұтқындарының балаларына, балалардың аналарына жазған хаттары, тұтқын әйелдердің 30-шы жылдардағы фотосуреттері, ақтау туралы анықтамалары, музыкалық аспап, саптыаяқ. Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының АЛЖИР мемориалды-мұражай кешеніндегі тарихи маңызы бар осындай 32 жәдігер «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде реставрациядан өтті. Олардың арасында «АЛЖИР» тұтқындары: Роза Цыпкинаның, Мария Минкинаның, Ғайнижамал Ғайсинаның, Гертруда Платайстың, Рахиль Туркинаның, Татьяна Шахованың, Ирина Шубриковалардың құжаттары мен жеке заттары бар. Мұражай кешенінің бас қор сақтаушысы Жанар Ергелдинаның айтуына қарағанда, құжаттардың басым бөлігі музейге 2015 жылы келіп түскен.

«2014 жылдан бастап біздің мұражайдың 100-ге жуық жәдігері қалпына келтірілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қалпына келтірілген құжаттар мен фотосуреттердің түпнұсқасы мұражайға 2015 жылы келіп түскен болатын. Материалдардың барлығы мұражайдың экспозицияларына қойылды. Мысалы, тұтқын - Роза Цыпкинаның жалғыз өзіне қатысты 10 құжат реставрациядан өткен. Олардың ішінде ол кісінің лагерьден өз баласы Бэнге жазған хаттары, фотосуреттері, балаларына қатысты анықтамалары бар. Бұл құнды қағаздар бізге 2015 жылы Роза Цыпкинаның Калифорнияда тұрған ұлы Бэннің өзі тапсырды», - деді Жанар Ергелдина.

Реставрациялық жұмыстарды «Интеграция систем» ЖШС жүргізді. Жәдігерлерді қалпына келтіру барысында консервация, шаңнан, кірден тазарту, түзеу, құжаттардың жыртылған бөліктерін қалпына келтіру, желімдеу сияқты жұмыстар жүргізілді.

«АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандары мұражай-мемориалдық кешені 2007 жылы Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей атсалысуымен ашылған болатын. Бүгінгі таңда музей қоры 15 мыңнан астам жәдігерден тұрады.

Экспозицияларды сейсенбі мен жексенбі күндерінің аралығында таңғы сағат 10:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін көруге болады.