«Алтын тобылғы» республикалық әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елімізде әдеби салада қабілетін көрсеткен шығармашылық дарынды жастар аз емес.
Бұған «Алтын тобылғы» республикалық байқауының қорытындысы дәлел. Биыл жетінші рет өткізілген сайысқа жас ақындар мен жазушылардың 156 шығармасы ұсынылды.
Бұл заманауи конкурс қазақстандық әдебиетті дамытуға, жас қаламгерлерді қолдау мен шығармашылығын насихаттауға бағытталған.
Қатысушылар бес номинацияның бірінің жеңімпазы атануға барын салды.
«Алтын тобылғы» байқауы жыл сайын еліміздің барлық өңірінен дарынды әдебиетшілерді анықтайды. Бұл шығармашылық жастарға қажетті ең сұранысқа ие жобаның бірі. Қатысушылар еңбегінде халықтың құндылығын, тарихын, мәдениетін, адамгершілік қасиетін, тәуелсіздік кезіндегі қазақстандықтардың жетістігін, егемен Қазақстанның дамуындағы Тұңғыш Президенттің рөлін көрсетті. Байқауға қатысып, қызықты дүниелер көрсеткені үшін әрбір авторға алғыс айтамыз. Сіздердің еңбегіңіз заманауи әдебиетті оқуға, рухани құндылықтарды нығайтуға деген қызығушылықтың артуына ықпал етеді», - деп ерекше атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.
Байқау жеңімпаздары:
- «Жылдың үздік прозасы» номинациясы Жәмила Абдуллаева («Ұят, қызым!» романы);
- «Жылдың үздік поэзиясы» - Дүйсенәлі Әлімақын («Күзгі кеште гүл есінер»);
- «Жылдың үздік драматургиясы» - Әлішер Айтуар («Иллюзия»);
- «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» - Жадыра Байбұланова («Әшекей»);
- «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған үздік туынды» - Шапағат Әбдірұлы.
«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған үздік туынды» номинация иесі 3 млн. теңге, ал қалған жеңімпаздарға 2 млн теңге табыс етілді.