Фото: ©altynemel_np
"Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін "Тянь-Шань" қоңыр аюы фототұзаққа түсіп қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Бұл туралы парк Instagram-парақшасында хабарлады. Алғашқы фотода аю тастың үстінде отырғанын көруге болады.
Ал түнде түсірілген екі суретте соқпақ жолмен келе жатқан жыртқыш бейнеленген.
Сурет: "Алтын-Емел" паркі баспасөз қызметінен
"Тянь-Шань" қоңыр аюы - Памир, Тянь-Шань және Гималай тауларында мекендейтін қоңыр аюдың жеке түрі. 1940 жылдары жыртқыш Сырдария Қаратауы аумағынан толықтай жойылып кеткен. Қазір ол Тянь-Шань жоталарын, сонымен қатар шеткі Алтын-Емел, Тоқсанбай, Қояндытау, Қайқан тау сілемдері бар Жоңғар Алатауын мекендейді.
Аю КСРО Қызыл кітабына, ҚазССР Қызыл кітабына, сондай-ақ Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сирек кездесетін аюдың бұл түрі Қазақстан мен Өзбекстан қорықтарында қорғауға алынған.