26 мау, 2019 сағат 11:05

Алматылық өнер ұжымының өкілдері Арысқа аттанды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Алматыдағы бес өнер ұжымы гуманитарлық көмектің алғашқы легін жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Арыс қаласындағы оқиға бүкіл қазақстандықтардың қайғысы. Бұл жағдайға  мәдениет саласының қызметкерлері де,  бей-жай қарай алмады. Бүгін Алматы қаласындағы 5 мәдениет ошақтарының директорлары мен қызметкерлері Арысқа жолға шығып барамыз. Біз оларға рухани және материалдық тұрғыдан көмектесуге әзірміз» - дейді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев.

Бұл Алматылық өнер ұжымдарының екі күнде жинаған гуманитарлық көмегі. Ол әлі де жалғасуда. Екі жерде көмек қабылдау пункті ашылды. Ол консерватория мен өнер академисының ғимаратында орналасқан.

«Арыстағы бауырларымызға қолдау қажет. М. Әуезов атындағы Қазақ  мемлекеттік академиялық драма театры да, бұл ауыртпашылықты  бөлісуге әзір. Театрымыздың  ақсақалдары Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев,  Есмұқан Обаев сияқты атақты әртістермен қатар барлық қызметкерлер өздерінің бір күндік жалақыларын аударды. Сонымен қатар, қосымша қаражат жинап, ер азаматарға, әйелдерге, балаларға киімдер сатып алдық» - деді аталған театр директоры Сәбит Әбдіхалықов.