08 там, 2019 сағат 14:27

Алматылық оқушы қыз халықаралық телеарнаның жүргізушісі болды

Алматылық оқушы қыз Эльгиза Қаражанова «Fashion TV» халықаралық телеарнасында жүргізуші болуға шақырту алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

12 жастағы оқушы қыз телеарнада бұрыннан танымал. Ол - «Жара» музыкалық шоуының тұрақты қатысушысы, «Ғаламшардың кішкентай аруы» титулының иегері.

Мәлім болғандай, Эльгиза «Fashion TV» телеарнасында «Новая Волна» белгілі музыкалық байқауының алдағы маусымының күнделігін жүргізетін болады.

«Эльгиза 4 айдан бері «KIDS ART FASHION» бағдарламасында жүргізуші болып тәжірибеден өтіп келеді. Осындай маңызды жобаның бір бөлшегі болуға шақырту алғанымызға қатты қуаныштымыз. Бұл өте жауапты жоба. Эльгиза дайындалып жатыр», - деді анасы Людмила Дорохова.

Түсірілім жұмыстары 23 тамызда басталады. Бірінші бағдарлама 28 тамызда «Fashion TV» эфирінен шығады.

Эльгиза Қаражанова соңғы фестивальде белгілі әнші Светлана Лободамен қосылып ән айтқан болатын. «ЖараKIDS» жобасы аясында 18 жасқа дейінгі ең үздік орындаушы атағын алды. Мұның алдында «МузТВ» телеарнасында Яна Рудковскаямен бірге «Балалар ондығы» телебағдарламасын жүргізген.