14 ақп, 2022 сағат 14:18

Алматылық экскаваторшы "Голос Украины" шоуында жұртты тәнті етті


Димаш Дәулетов "Голос Украины" шоуының 12-маусымына қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ол байқаудың 4-шығарылымында Whitney Houston-ның "I Have Nothing" әнін орындап, тәлімгерлерді тәнті етті.

27 жастағы жігіттің айтуынша, бала кезінен бері ән айтады. Алайда ата-анасының айтуымен колледжге экскаватор мен бульдозер жүргізушісі мамандығына оқуға түскен. Төрт жыл Рудный қаласындағы Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінде экскаваторшы болып жұмыс істеген.

"Бұл сахнаны көптен армандадым. Дауысым дірілдеп тұрды. Қатты уайымдадым, өйткені бүкіл Қазақстан көреді. Оля Полякова бұрылғаннан кейін сенімді айта бастадым. Сахнаға шықпас бұрын сұхбат беріп: "төрт тәлімгер бұрылса, олардың рекциясына қарап, кімге баратынымды таңдаймын" деп едім. Солай болды", - деді Димаш.

Болашағы бар әншіге төрт тәлімгер де бұрылды. Сөйтіп, Димаш үшін нағыз күрес басталды. Тәлімгерлердің әрқайсысы жас жігіттің өзін таңдағанын қалады. Бірақ ол Оля Полякованың командасына барғысы келді.

"Мені қатты қуанттың. Рақмет! Сенімен бірге жұмыс істеу - қуаныш әрі құрмет. Сен - қазір де дайын әртіссің. Өте дарынды әртіс. Аздап бағыттап жіберу керек. Қолымнан келгеннің бәрін жасаймын", - деді Оля.