11 ақп, 2017 сағат 14:34

Алматыдағы ҰҚК операциясы: 15 адам тұтқындалды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ішкі істер органдарымен бірлесе 13-24 қаңтар аралығында Алматыда және Алматы облысы маңындағы аудандарда бірқатар арнайы операция жүргізді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан Республикасы ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.    

Ведомство өкілдерінің айтуынша, 2 радикал топ пен діни-экстремистік идеологияны ұстанушы 6 адамның іс-әрекеті бейтараптандырылды.

"Терроризмді насихаттау, террористік іс-әрекетке қатысуға дайындалу, діни алауыздықты қоздыру және қаруды заңсыз сақтауға қатысты деген айыппен барлығы 15 адам қамауға алынды. Ұсталғандардың тұратын мекенжайларын тінту барысында 5 граната, халықаралық террористік ұйымдардың атрибутикасы, діни мазмұндағы әдебиет және ақпаратты электронды тасымалдауыштар тәркіленді", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ қазіргі уақытта тергеу іс-қимылдарының жалғасып жатқаны хабарланып отыр.

"Көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыру сонымен қатар "Универсиада-2017" жарысын өткізу кезінде қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз етуге  ықпал жасады", - деп айта кетті баспасөз қызметіндегілер.