Алматыдағы Республика сарайы «Алматы әуендері» МКҚК қарамағына берілді, деп хабарлайы "Ұлт ақпарат".
Осы уақытқа дейін концерт алаңы қалалық Мәдениет және мұрағат бақармасына қарап келген болатын. 28 желтоқсаннан бастап меншік иесі өзгерді.
«Республика сарайы» ЖШС таратылды. Ал қызметкерлері «Алматы Әуендерi» МКҚК жұмысқа тұрады.
«Меншік түрі ЖШС болғаннан гөрі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болған тиімді. Енді қызметкерлер жаппай ақысы төленбейтін демалысқа кетпейді. Тұрақты жұмыс болады. 2017 жылы ұжым 86 шара ұйымдастырған. Бұл шаралардың барлығы өте жоғары дәрежеде өтті. Сіздерге ризамын», - деді таратылған «Республика сарайы» ЖШС директоры Арман Асенов.
Жиында қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев ұжымға жаңа басшыны таныстырды.
«Республика сарайы «Алматы әуендері» мекемесінің меншігіне өтеді. Енді кәсіпорын басшысы Бағдат Тілегенов Республика сарайының жұмысын басқаратын болды»,- деді Әлиев.
Бағдат Тілегеновтың айтуынша, қазір Республика сарайында 77 адам жұмыс істеп келеді.
«2018 жылдың қаңтарынан менің атыма жұмысқа тұру туралы арыз жазыңыздар. Орынбасарлар қысқаратын болды. Тек үш орынбасар қалады. Ол орынға кімдер қабылданатыны белгісіз. «Алматы Әуендерi» шығармашылық ұжымы бұрынғы режимде жұмыс жасайды», - деді «Алматы Әуендерi» МКК директоры Бағдат Тілегенов.
«Алматы Әуендерi» МКҚК қаланың мәдениет және шығармашылық саласында өндірістік шығармашылық қызметін жүргізумен, мәдениет және өнер адамдарына қолдау көрсетумен айналысады.
Айта кетейік, Республика Сарайы - Алматы қаласында орналасқан мәдени орталық ғимарат. 2008 жылы 21-наурызда «Республикалық маңызы бар тарих, мәдениет, қала құрылысы және архитерктуралық ескерткіші» мәртебесі берілген.
Ғимарат 1970 жылы В.Лениннің 100 жылдығы қарсаңында ашылып, Кеңестік компартия көсемінің есімі берілді.
Мұнда 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш сайланған Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметіне кірісуіне байланысты ұлықтау рәсімі өтті. Осы жылы ғимараттың атауы «Республика Сарайы» деп өзгертілді.