Алматыда Түркі әлемі деректі фильмдері IV Халықаралық фестивалінің қазақстандық бағдарламасы өтіп жатыр. Ауқымды шараны Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қолдауымен Түркі әлемі журналистері федерациясы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазан айының басында Ыстанбұлда (Түркия) ашылған кинофестиваль биыл тоғыз қатысушы елдің жетекші серіктес-университеттерінде өтіп жатыр. Кинофестивальде Түркия, Қазақстан, Түрікменстан, Босния және Герцеговина, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Мажарстан, Македония, Кипр елдерінің үздік жұмыстары қатысуда. Фильмдер әлеуметтік, мәдени, рухани және қоғамдық маңызды тақырыптар мен жастар тәрбиесін қамтиды.
Шараның салтанатты ашылуына кинематографияның аңызына айналған, түркі әлемінің танымал актері мен режиссері Асанәлі Әшімов, Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир және басқа да шетелдік құрметті қонақтар, сондай-ақ кинодокументалистер мен фильмдердің авторлары, қоғам мен масс-медиа өкілдері, Алматының студенттері қатысуда.