10 қаз, 2023 сағат 16:44

Алматыда түнгі клубта есірткімен ұсталған блогер 10 жылға сотталды

Фото: Polisia.kz

Алматыда түнгі клубта есірткімен ұсталған блогер 10 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Еске салайық, полицияның арнайы жасағы мен ЕҚҚІҚБ жедел қызметкерлері сәуір айында Алматының Медеу ауданында орналасқан барлардың бірінде арнайы іс-шара жүргізген болатын. Оны “Есірткі бизнесіне қарсы күрес” жобасы аясында қалалық прокуратура үйлестірген.

"Түнгі сағат екіде түнгі клубта 19 жастағы Т. есімді азамат ұсталды, оның шалбарының оң жақ қалтасынан көк түсті изолентаға оралған, ұнтақ пен кесек пішінді, ашық түсті синтетикалық зат салынған үш байлам табылды. Жұмыс нұсқаларының біріне сәйкес, бұл - мефедрон есірткісі. Заттың нақты кімдікі екендігін анықтау үшін сот-химиялық сараптама тағайындалды.

Ұсталған азамат ҚР ҚІЖК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деген еді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 19 жастағы Т. есімді азамат ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 10 жылға бас бостандығынан айырылды.