07 жел, 2023 сағат 15:51

Алматыда таныс адамынан ақша бопсалаған қылмыстық топ ұсталды

Фото: Polisia.kz

Алматылық полицейлер таныс адамынан ақша бопсалаған қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz порталы.

Алматы қалалық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдіктілерді жәбірленушіден сұраған 1 миллион теңгенің 650 мыңын алып жатқан кезде ұстаған. Күдіктілер осыдан біраз уақыт бұрын заңсыз алып кеткен көлікті қайтарып беру үшін таныс адамынан ақша бопсалаған.

"Арнайы іс-шара нәтижесінде бес ер адам ұсталды, олардың үлкені - 35 жаста, кішісі - 27-де. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 389 бабы (Өзiнше билiк ету) бойынша тергеліп жатыр. Ұсталғандардың екеуі бұрын ҚР ҚК-нің 96-бабы (Кісі өлтіру) және ҚР ҚК-нің 287 бабы (Браконьерлік) бойынша сотты болған.

Бұл жолы ұсталған кезде күдіктілерден өсімдік тектес ұнтақты зат және травматикалық тапанша тәркіленді. Көрсетілген заттар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды" - делінген хабарламада.

ҚР ҚК-нің 201 бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.