31 нау, 2023 сағат 11:20

Алматыда тауарлық газға тариф төмендетілді

Фото: Еl.kz

Алматыда тауарлық газға тариф төмендетілді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру нәтижелері бойынша "APL Construction" ЖШС-де бекітілген тарифтік сметаның бұзылуы, сондай-ақ орамішілік газбен жабдықтау желілеріне қосылу кезінде үстем жағдайды теріс пайдалану анықталған.

"Қала прокуратурасының қадағалау актісі бойынша тариф 1 мың текше метр үшін 6 362,77 теңгеден 5 999,08 теңгеге дейін төмендетілді (5,7 пайызға), 184 миллион теңге сомасына өтемдік тариф енгізілді, сондай-ақ монополист ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 159-бабы 3-1 және 164-бөлігі 4-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды және 78 миллион теңге айыппұл өндірілді", - делінген хабарламада.

Қабылданған шаралар бойынша Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарының 11 мың тұтынушыларының құқықтары қорғалды, олардың 300-ден астамы кәсіпкерлер.