06 там, 2019 сағат 11:41

Алматыда отбасылық фестиваль өтті

Алматыда «Болашақ» қауымдастығы мен «RazumLife» қоғамдық бірлестігінің  бастамасымен отбасылық фестиваль өтті. Төрт жүзге жуық адам қатысқан ерекше шара отбасының әрбір мүшесіне арналған.  

Фестивальдің хедлайнері – отбасылық қарым-қатынас жөніндегі маман,  «Гумандық педагогика халықаралық орталығы» қоғамдық бірлестіктер қауымдастығының вице-президенті, әлемге танымал психолог Марина Таргакова. Ол «Отбасындағы бейбітшілік формуласы» тақырыбында дәріс оқып, реніш сезімінен қалай құтылып және еркін өмір сүруге болады; адам баласы отбасында өзін қалай ұстау керек және некеде берік қарым-қатынас құру үшін не істеу керек; отбасына, достыққа және өз ортасына деген сүйіспеншілікті қалай сіңіру керек; өмірдегі әр саланың қайсысы басымырақ, қайсысын екінші орынға қоюға болады және өміріңіздің қандай бөлігіне көбірек көңіл бөлу керек деген сұрақтарға жауап берді.  

Бизнес-жаттықтырушы және «Жаңа ұрпақ» көшбасшылық мектебінің негізін қалаушы Асхат Әбжанов ата-аналарға әр баланың көшбасшы екенін ұмытпауға кеңес берді. Ол баланың туабітті көшбасшылық қасиеттері туралы айтып, балалар философиясының құпияларын ашты.

 «Трансформация» Әйелдер денсаулығы мектебінің негізін қалаушы Альмира Орлова бүкіл отбасы үшін дұрыс тамақтану, тағамды талдап жеу  және биологиялық белсенді қоспалар қаншалықты пайдалы, етсіз өмір сүру сынды сұрақтарға жауап берді.

Отбасылық фотограф Жанна Кәрібаева өмірдің әрбір сәтін сақтап қалу маңызды деп санайды.  «Жылылық пен сәулелі мезеттерді бейнелейтін суреттерді жинап, отбасылық оқиғалар мұрағатын жинау өте қызықты» деп атап өтті Жанна. Ол «Фотомама» жобасы, әдемі фотосурет түсірудің құпиясы туралы айтып берді.

Ашық аспан астында өткен фестиваль қонақтары түрлі шеберлік сабақтары, балалар мен ересектерге, әйелдер мен ерлерге арналған жеке бағдарлама, креативті фотосессия, қолөнершілер жәрмеңкесі, отбасы, денсаулық және тәрбие тақырыбында шағын дәрістер тыңдап, таза ауада дәмді тағамдардан ауыз тиіп қайтты. Өте қызықты әрі пайдалы бағдарлама барлық қатысушылардың көңілінен шықты.